Шымкент халқы Әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа айырықша құрмет көрсетті. Ат мінгізіп, шапан жапқан жұртшылық спортшыға 2 миллион теңге де табыстады. Боксшы биылғы жылдың табысты өткенін айтып, иеленген марапаттарының ішіндегі ең бағалысын атады.
Шымкенттіктер ел мақтанышына айналған Сәкен Бибосыновқа ерекше сый жасады. Орталық Азия Инновациялық университетінің басшылығы спортшыға сәйгүлік мінгізіп, құрмет көрсетті. Айта кетейік, чемпион осы білім ордасының түлегі.
СӘКЕН БИБОСЫНОВ БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: «Олимпиададан келгенде интернетте асфальт болсын, сондайлар хит болып кетті ғой. Бірақ бізде барлығы жасалған. Енді ең мықты сыйлық ол ат, көлік, пәтер, үй емес, ол ыстық лебізін білдіріп, шын жүрекпен тілеулес болған барша жандарға үлкен алғыс айтқым келеді. Сол мен үшін сыйлық»
Сонымен қатар, оқу орны спортшыға шапан жауып, 2 миллион теңге көлеміндегі сертификатты табыстады. Ал Сәкен Бибосынов университет студенттерімен кездесу өткізіп, спорттағы жолы мен жетістіктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ жастардың қойған сұрақтарына жауап берді.
НҰРИСЛАМ МАХАМБЕТ, СТУДЕНТ: «Мен Сакен Бибосынов ағама сұрақ қойдым. Сәкен ағамыз 2-3 жылда 30 жасқа толады. Қазақта «отызда орта бұз, қырықта қамал ал» деген сөз бар ғой. «Сол бір жетістіктерге жету үшін жас кезде қандай әрекет жасау керек. Қандай іс істеу керек?» деп сұрадым. Және сұрағыма қанағаттанатындай жауап берді. Көп жұмыс жасау керек, жастық шақты құр өткізбеу керек деген бір керемет жауап берді. Алдағы уақытта өз саламда Сәкен ағамдай болсам дейтін арманым бар»
Айта кетсек, Сәкен Бибосыновтың спорттағы кәсіби жолы 2015 жылдан бастау алады. Содан бері ол ұлттық құраманың сенімді мүшесіне айналып, халықаралық жарыстарда ел мерейін үстем етіп келеді. 2019 жылы Екатеринбургтегі әлем чемпионатында қола жүлде иеленсе, 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында да үздік үштіктен көрінді. Бұл — қазақ боксының әлемдік деңгейдегі тұрақты жетістігінің көрінісі.
Лаура Бабас





