Úı ANONS Жеке детективтерге лицензия берілмек

Жеке детективтерге лицензия берілмек

Қазақстанда жеке детективтердің жұмысы заңдастырылмақ. Мәжіліс депутаттары аталған саланы реттейтін арнайы заң жобасын қарауда. Бұл құжат еліміздегі жеке детективтік қызмет институтының құқықтық іргетасын қалайды.

Нақтырақ айтсақ, «Жеке детективтік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер талқылануда. Мәжіліс сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, бұдан былай детективтік жұмыс лицензияланатын кәсіпкерлік қызмет түрі ретінде бекітіледі. Ал жеке детектив мәртебесіне тек заң аясында арнайы рұқсат  алған Қазақстан азаматтары ғана ие бола алады.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұл заң азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау аясын кеңейте түседі. Сонымен қатар, еліміздегі жеке детективтік қызметтің құқықтық негізін қалыптастырады. Заң жобасында аталған қызметтің негізгі ұғымдары, мақсат-міндеттері мен оны жүзеге асырудың нақты тәртібі айқындалған».

Ботакөз Әнуар