Халық денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жұмыстарының маңызы ерекше. Аталған қызметтер санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне ықпал етеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан бұл қызмет түрлеріне лицензия беру тәртібі енгізілген.
Дезинфекциялау – қоршаған ортадағы ауру қоздырғыш микроорганизмдерді жоюға бағытталған шаралар кешені. Ал дезинсекциялау зиянды жәндіктермен күресуге арналса, дератизациялау кеміргіштерді жою жұмыстарын қамтиды. Бұл жұмыстар әсіресе жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары орындарда маңызды рөл атқарады.
Денсаулық сақтау саласында мұндай қызметтерді жүргізу үшін арнайы лицензия талап етіледі. Лицензиялау жүйесінің негізгі мақсаты – көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Лицензиясы бар мекемелер санитариялық талаптарды сақтап, арнайы дайындықтан өткен мамандар арқылы қызмет көрсетуге міндетті.
Лицензия алу барысында ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, қолданылатын құрал-жабдықтары, залалсыздандыру препараттарының қауіпсіздігі және мамандардың біліктілігі тексеріледі. Бұл талаптар халық денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қажет.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Себебі тазалық сақтау, санитариялық талаптарды орындау және алдын алу шараларын күшейту – жұқпалы аурулардың таралуын азайтудың тиімді жолы.
Қорытындылай келе, дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау қызметтерін лицензиялау қоғамдық денсаулықты қорғауда маңызды орын алады. Сондықтан аталған саладағы барлық жұмыстар заң талаптарына сәйкес және санитариялық нормаларды сақтай отырып жүргізілуі тиіс.
А.К Исабекова,
Шымкент қаласы Әл-Фараби СЭББ басшысы







