Қоқыс зауытын саламын деген кәсіпкерге жеңілдік бар

28
Шаһардан 1 тәулікте 150 жүк көлік қоқыс шығарылады
фото Ашық дереккөзден

Ел аумағында  қоқыс өңдеу жұмысы әлі күнге жолға қойылмай отыр. Министрлер мен әкімдер бұл істі созбалаңға салып жіберді. Осылай деген  үкімет басшысы  жауаптыларды сынға алды.

Айтуынша, қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналған. Мәселен былтыр елімізде 4,1 млн тонна қатты қалдық жиналса, оның тек  бір миллионы  ғана өңделген. Қоқыс шығаратын мыңға жуық көлік жетіспейді. 60 мың контейнер тапшы.

Осы ретте жаңадан 37 қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер берілмек. Бұл мақсатта  200 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Ерлан Нысанбаев, ҚР экология министрі:»Бұл қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуатын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады».