Úı ANONS Сайрамсу өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды

Сайрамсу өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды

Сайрамсу өзенінің жағасы қоқыс пен қураған шөптен тазартылды. Коммуналдық қызмет мамандары мен санитарлық дәрігерлер жағалауды ретке келтіру үшін ауқымды жұмыстар жасады. Күн жылынғалы мұнда келушілер көбейген. Алайда демалушылардан кейін жағада пластик құтылар мен тұрмыстық қалдықтар үйіліп қалатын көрінеді.

 

Қолдарына сайманын алған тазалықшылар Сайрамсу өзенінің бойын қоқыстан тазартып жатыр. Күн жылыса, жұрттың көбі су жағасына ағылады. Адамдар мұнда отбасымен келіп демалғанды ұнатады, дегенмен артынан тау болып үйілген қоқыс қалады.

 

АЙНҰР ПЕРНЕЕВА, ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Көктем жаз айларында тұрғындар арасында осы өзен жағасында демалып, әртүрлі тұрмыстық қалдықтарды, мынау пластикалық бөтелкелерді, тамақ қалдықтарын тастап кетуіне байланысты тазалық шарасы өтуде. Бұл яғни қатты тұрмыстық қалдықтарды тастау және мынау кәріз жүйесінен аққан су Сайрамсу өзеніне кері әсерін тигізеді. Яғни бұл әртүрлі жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп соқтырады».

 

Қазір Шымкентте жаппай тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар жағалауды тазартып, қоқыс полигонына тасып үлгермейді. Алайда тазалық техникаға емес, әр адамның табиғатқа деген жанашырлығына байланысты. Коммуналдық салада істейтін Дүйсенбай Әліқұлов бес немересіне де табиғатты аялауды кішкентайынан үйретіп келеді.

 

ДҮЙСЕНБАЙ ӘЛІҚҰЛОВ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Осы ауыл тұрғындарына айтарым. Қоқысты жаман нәрселерді тастамаңыздар. Тазалық өзіміз үшін жақсы. Табиғатымыз таза болады. Бала-шағамыздың денсаулығы жақсы болады».

 

Жергілікті тұрғындар да демалушыларға тәртіпті сақтауды жиі ескертетінін айтады.

 

КЕҢЕС ДОСОВ,  ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Сайрам өзенінің жағалауында жылда тазалау шаралары өтіп жатады. Оны қадағалап Қаратау әкімшілігі мен СЭС бөлімшесі келіп қадағалап тұрады. Жан жағы таза, су ағып жатыр. Қоқыстан тазарған».

 

Өзен жағалауының тазалығы мен судың мөлдірлігі — тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қоқысты арнайы жәшікке тастап, су айдындарын қорғау — туған қалаға деген құрметтің белгісі. Сондықтан табиғатты аялауды әркім өзінен бастауы тиіс.

Ботакөз Әнуар