Шымкент қалалық соты үйін жинауға келген Диана Оңғарбаеваның бірнеше жерінен пышақтап, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастаған оқушыға қатысты үкімді өзгертті. Сот 17 жастағы Асан Анарды «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танып, жазасын 1 жылға ұзартуға, яғни, 8 жыл 6 айға түрме жазасын кесуге қаулы етті.
Сонымен бірге, оның ата-анасына жәбірленуші тарапқа өтемақы ретінде 20 миллион теңге беруге міндеттеді. Десе де марқұмның анасы әрі жәбірленуші сот қаулысымен келіспейді. Ол бұл өте аз жаза дейді.
ҚАРЛЫҒАШ ОҢҒАРБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ: «Бұл жерде баланың әке-шешесінің жағдайы келмейді дейді. Анасы – зейнеткер, әкесі ІІІ-топ мүгедегі. Сот менен сұрады ма? «Сіздің жағдайыңыз келе ме? Осындай қайғыны көтере аласыз ба?» деп менен ешкім сұрамады. Мен де жалғызбасты анамын. 3 қызымды жалғыз өзім асырап, бағып-келдім. Мен қандай жағдайдамын, неше рет ауруханаға түстім. Сұрамады. Сотта баланың әкесінен сұрайды. Қан қысымыңыз көтерілді ме, түсті ме дейді. Ал менен сұрамайды. Неге менен сұрамайды, жағдайымды білмейді?».
Жәбірленуші тарап сотталушыны өмір бойына соттауға және 100 миллион теңге моралдық өтемақы талап етеді. Апелляциялық қаулымен келіспеген олар Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз дейді.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Үй тазалауға барған әйел жоғалып, кейін оның денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылған еді. Қанды оқиғаға күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған. Марқұмның артында екі баласы жетім қалды.
Дилара Иса






