Балаларға қатысты буллинг азаймай отыр. Биылдың алғашқы төрт айында ғана елімізде 160-тан астам дерек тіркелген, оның бірқатары Шымкентте анықталған. Балаларға жасалған және балалар тарапынан жасалған қылмыстар саны да өсіп келеді. Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар заң мен шаралар қабылданғанын айтады. Дегенмен, мамандар бұл мәселе әлі де өзекті екенін жеткізуде. Балалар құқығы қаншалықты қорғалып отыр? Қауіпсіздік шаралары жеткілікті ме?
Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда балаларға қатысты жасалған буллинг және кибербуллинг бойынша 167 іс тіркелген. Оның 17-і Шымкентте болған. 66 іс сотта қаралған, жүзден аса адам жауапқа тартылған. 92 адам ескерту алып, 11 адам әкімшілік айыппұл арқалаған. Бұл көп пе, аз ба? Жалпы Қазақстанда балалардың құқығы қалай қорғалады№
ШЫНАР АҚПАРОВА, ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Бүгінде елімізде шамамен 7 миллион бала бар. Ол жалпы халықтың 34 пайызын құрайды. Соңғы 10 жылда балалардың саны 1,5 миллионға өсуі осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығын одан әрі артыра түсті».
Үкімет балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуы аса маңызды дейді. Мұнда басымдық қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға берілген. Вице-министрдің сөзінше, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолға алынған. Мысалы, барлық мектептерде заң мен тәртіп қағидаты жұмыс істейді.
ШЫНАР АҚПАРОВА: «Қазіргі таңда балардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыста заң күшейтілді. Зорлық-зомбылықтарға нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, қауіпсіздік инфрақұрылымдары қалыптасты. Балалрдың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмысын күшейту мақсатында барлық 20 өңірде балаларды қорғау басқармалары және психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді».
Десе де балаларға қатысты жасалған немесе балалар жасаған қылмыс пен теріс қылықтар да жоқ емес. Бас прокуратураның дерегінше, биылғы жылдың алғашқы 4 айында кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 1353 қылмыс тіркелген. Оның мыңнан астамы қылмыс болса, қалғаны – теріс қылықтар. Осы аралықта балаларға қатысты 2 жүзге жуық аса ауыр қылмыс жасалған.
«Адам өлтіру» бабамен – 8 іс
«Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы – 78 іс
«Ұрып-соғу» бабы – 190 іс
«Сталкинг» бабы – 5 іс
«Зорлау» бабы – 86 іс
Шымкентте дәл осы кезеңмен салыстырғанда балаларға қатысты жасалған қылмыс саны өскен. Мысалы, 4 айда қалада 75 қылмыстық іс тіркелген. Ал өткен жылдың бұл кезеңіндегі көрсеткіш 54 дерек еді.
Дилара Иса






