Шымкентте қоғамдық орындардағы тегін wi-fi құрылғыларының саны артады. Осыған дейін қалада 55 нүкте болса, енді оның саны 70-ке жетпек. Ал бұл тегін wi-fi-ды тұрғындар қаншалықты пайдаланып жатыр? Жаңа құрылғыларды орнатуға бюджеттен қанша қаржы бөлінді?
Мегаполистегі тегін wi-fi санын көбейтуге бюджеттен 24 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Жауаптылар бұл соммаға жаңа құрылғылар орнатылып қана қоймай, қолданыстағы wi-fi нүктелеріне де қызмет көрсетіледі дейді. Ал бұл тегін wi-fi-ды халық пайдалана ма? Шымкенттіктерден сұрап көрдік.
— Бірінші рет көріп тұрмын
— Осы уақытқа дейін қолданған жоқпыз
— Білмедім вай фай бар екенін
— Бар екенін білеміз, бірақ қолданбаймыз. Өзімізде бар ғой интернет
Бұл тегін wi-fi желілері қала тұрғындарына жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында орнатылып жатыр. Алайда кейбір шымкенттіктер оны пайдаланбайтын болса, енді бірі мұндай тегін wi-fi-дың барынан бейхабар. Себебі, қоғамдық wi-fi-дың барын растайтын таяқшалар кей орындарда сынып жатса, кей жерлерде тіпті жоқ. Мәселен, Арбат саябағында тегін wi-fi-дың белгі-тақтайшасы атымен жоқ.
Қалалық цифрландыру басқармасы биыл жаңа 5 локацияға 15 wi-fi құрылғысын орнатамыз дейді. Осылайша Шымкенттегі қоғамдық wi-fi-дың саны 70-ке жетпек.
Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «5 локацияға: Абай саябағы, Қошқар ата аумағы, Тәуелсіздік саябағы, Жеңіс және Металлург саябағына орнатамыз. Ол жерде 15 нүкте болады. Біз бұл жерлерді аудан әкімдіктерінен адам көп жиналатын, студенттер жиналатын жерлер қайсы деп сұратып, таңдап аламыз»
Еске сала кетсек, 2023 жылы 20 қоғамдық орынға 55 wi-fi құрылғысы орнатылған еді. Бұл қала тұрғындары үшін өте тиімді болмақ. Үшінші мегаполисті дамыту үшін осы бағыттас шаралар легі жалғасын табатын болады.