Аттың құлағында ойнайтын шымкенттік қыз

20
Фото: Отырар.кз

Шымкенттік ару Балнұр Садық 15 жылдан бері жылқыны жанына серік еткен. Шынашақтай ғана қыз қазір атпен түрлі трюктер жасап жүр. Сонымен қатар, өзі ат баптауға да кіріскен.

Бұл аттың құлағында ойнайтын ару шымкенттік Балнұр Садық. Кішкентайынан жылқы жалына жармасып өскен қыз, қазір оның бабын жасау жолын да меңгеріп алыпты. Сөзінше Балнұрның әкесі бұған дейін бәйге атын баптаған. Тіпті анасы да бұл өнерден құр алақан емес. Сондықтан ару 15 жылдан аса уақыт сәйгүлік ерттеп мініп, қылқұйрықты жанына серік етіпті.

«Атты ерттеген кезде бірінші жүген салынады. Бұл басқаруға арналған. Кейін ішкі заттары салынады. Содан кейін барып ерді саламыз. Аяғына қорғап тұру үшін арнайы белбеуше саламыз. Сақтықта қорлық жоқ. Жақсы ат аяқтан қалады дейді, сондықтан аттардың аяғының саулығы бірінші орында тұрады», — дейді  Шымкент қаласының тұрғыны Балнұр Садық.

Фото: Отырар.кз

Жүректі арудың жылқы баптауға деген махаббаты атпен секіру спортына алып келген. Бірнеше жыл республикалық байқаулардан бой көрсеткен ол, кейін цирк өнеріне ауысыпты. Қазір арнайы аттармен түрлі трюктер көрсетіп жүр.

Мұндай жаттығу түрін Балнұр Садық 3 айдың ішінде үйреніп алдым дейді. Қазір жаңа трюкті үйреніп жүрген ару ол үшін үйінде тай асырып, баптап жатыр екен.

«Ата-анам жастайынан ат ұстаған кісілер болғандықтан, ол бізге де өтті. Атсыз біз де тұра алмаймыз. Қазір аттарды өзім баптаймын. Циркке жеке номер шығару үшін жақында тай алдым. Өте жақсы тай. Ағылшын мен Польша тұқымынан шыққан. Циркте жаттығу жасағанда ауадағылар да, акробатикалық жаттығулар да қиын. Құлап қалуыміз әрине мүмкін. Бірақ қызығушылық бәрін жеңеді. Жаттығу кезінде атымызға сеніп шығамыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Балнұр Садық.

Бірнеше хоббиді жанына серік еткен ару жақын уақытта, жаңа трюктерімен көрерменін қуантуды жоспарлап жүр.