Бүгін барлық телеарналарда техникалық үзіліс. Ал біздің ұжым бұл сәтті тиімді пайдаланып, медиахолдинг айналасына сенбілік өткізді. Қызметкерлер микрофонын күрек, тырмаға ауыстырып, қаланың тазалығына үлес қосты.
Жергілікті жаңалықтар жаршысына айналған OTYRAR телеарнасының қызметкерлері бүгін «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты. Тілшілер микрофонын сыпыртқыға алмастырса, техникалық мамандық иелері тырма-күрегін қолына алып, артық қоқыстарды жинады.
Оңтүстік рабат газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш таңмен таласа келіп, медиахолдинг айналасындағы артық ағаштарды отауға кіріскен. Ол мұндай игі іс әр ай сайын өтсе, нұр үстіне нұр болатынын айтады.
«Бізде осында жиналып тұрған қураған, сынған ағаштар бар еді. Соны бөліп, жардым. Алдағы уақытта ортаға алау жағуға болады. Біз аулада кәуап пісіреміз, палау пісіреміз. Сол кезге керек. Бұл әрекет ай сайын жалғасып тұрса, әдемі болады деген ойдамын», — дейді «Оңтүстік рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш.
Телеарна қызметкерлерінің бір бөлігі ауланы қалыпқа келтірсе, енді бірі ғимарат ішінің тазалығына мән берді. Мекеме басшысы техникалық демалыс уақытын құр өткізбей, пайдалы іске арнауды жөн көрдік дейді.
«Бәріміз жабылып, 1 ұжым болып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өте маңызды шара. «Таза Қазақстан», «Таза OTYRAR». Телерадио тарату техникалық үзілісте болган соң, кәдімгі жұмыс күні құр өтіп кетпесін, сенбілік жасайық деп келістік. Ұжым қолдады. Сөйтіп шықтық», — дейді «Собкор» ЖШС-нің директоры Жанна Өтебаева.
Ал игі шара соңы отырарлықтардың басын бір дастарханға қосты. Ғимарат айналасын қалыпқа келтірген әріптестер арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрды. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт дамылдаған медиахолдинг ұжымы мұндай акцияның әлі жалғасатынын жеткізді.