Ауыл мұғалімі әлем тілдерінен 100-ден аса өлеңді қазақ тіліне аударған

28
фото КАӘБҚ

Түркістан облысының Келес ауданындағы №8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дустанова Робия Қамшыбекқызы қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне аударған, сонымен қатар түрік, әзірбайжан, құмық, өзбек, қарақалпақ, орыс тілдерінен 111 өлеңді қазақ тіліне де аударған.

Дарынды мұғалім Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Қазіргі таңда аталған білім ордасында жас өрендерді тәрбиелеп, балаларға сапалы білім беруде.
— Жас кезімнен ақындық өнерге қатты қызықтым. Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең, заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Өзбек тілінен қазақ тіліне болса Умида Абдуазимовадан жеке аударма кітапта 44 өлең, басқа өзбек ақындарынан 52 өлең, қарақалпақ тілінен Бердақтан 1 өлең, орыс поэзиясынан 6 өлең, құмық тілінен 5 өлең, түрік және әзірбайжан тілінен 2 өлең аударғанмын. Әлі де шығармашылық ізденістемін, — дейді Робия Қамшыбекқызы.
Бүгінде ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. Ақын ұстаздың жинақтары Түркия, Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген. Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 білім ошағы болса, онда 4 007 педагог оқушыларға білім нәрін беруде. Соның ішінде педагог-модератор санатындағы мұғалімдердің саны 864-ті құрайды. Сонымен қатар 1 144 педагог-сарапшы болса, 762 мұғалім педагог-зерттеуші болып қызмет атқарады. Шебер педагогтердің саны 32-ні құрап, 1 257 кіші қызметкер білім саласында еңбектенеді.