Ерлі-зайыпты І-топ мүгедектері кітапханада жұмыс істейді

42
Фото: Отырар.кз

Шымкентте көзі нашар көретін жандарға арналған кітапханада ерлі-зайыпты Тұрланбековтер жұмыс істейді. Екеуі де бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Жұмыс пен спортты қатар алып жүрген қала тұрғындары үстел теннисінен ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары. Бүгінде көпбаланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттен көмек көрсетілгенімен, әлі де ақсап тұрған салалардың бар екенін айтады. 

Гүлсара Каттабекова қаладағы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада жұмыс істейді. Ол түрлі мерзімді басылымдардағы материалдарды зағип жандарға оқуға, жазуға мүмкіндік беретін Брайль шрифтімен жазып, картотекаларға салады. Сол арқылы кітапхана оқырмандары қажетті ақпаратын оқи алады. Тифлология аталатын бұл саланың көзі нашар көретіндер үшін өте маңызды рөл атқаратынын кейіпкеріміз Гүлсараның өзі де өте жақсы түсінеді. Себебі тифлоредактордың өзі де 1-топтағы көз мүгедегі. Бала кезінен көзі 3 пайыз ғана көретін ол өз жұмысын сүйіп жасайды.

Гүлсара Каттабекова, арнайы кітапхананың тифлоредакторы: «Кішкентай кезімізден бері болғаннан кейін үйреніп те қалғанбыз. Шынымды айтсам, көзіміздің нашар көретінін осы қоғамда жүріп, ұмытып кетеміз. Өйткені осыған біз бейімделіп қалғанбыз. Кейде өзімізді көзі көретіндер секілді сезетін де кездер болады. Креативті кітапханашы болуымыз керек қой, оқырмандармен түрлі бағытта жұмыс жасаймыз. «Тағдырластар» деген клуб өтіп жатады. Шынымызды айтсақ, бүкіл зағип жандарға осы жер ыңғайлы».

Гүлсара Каттабекованың жұбайы Есенғали Тұрланбеков те арнайы кітапхананың қызметкері. Ол да бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Қала тұрғыны көзі көрмейтін жандар үшін аудиокітаптардың авторын, атауын Брайль жазуымен жазады. Ерлі-зайыптылар көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепте танысқан. Екеуі оқуын тәмамдаған соң бас қосып, шаңырақ көтеріпті. 16 жыл отасқан жандар бүгінде 4 қыз 1 ұл өсіріп отыр. Есенғали Тұрланбеков мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға түрлі көмек көрсетілетінін айтады. Алайда инватакси қызметі әлі де ақсап тұрған көрінеді.

Есенғали Тұрланбеков, арнайы кітапхананың брайль редакторы: «Такси жағынан деп жатыр бәрі қазір. Алматы, Астаналарда береді яндекс такси, бізге де көзі көрмейтіндерге берсе. Астанада  62 поездка береді екен бір айға. Бізде инватакси, оған көп арыз түседі, тура уақытында келмейді ғой, жұмысқа, басқа да баратын жерлерге, жеткіліксіз».

Ерлі-зайыпты кітапханашылардың белсенді өмірі туралы әріптестері де айтады. Мәселен, арнайы кітапханада мүгедектігі бар азаматтарды сауықтыру айлығы өтіп жатыр. Акция 1 қазан мен 13 қарашаға дейін жалғаспақ. Онда мәселелер көтеріліп, түрлі кездесу ұйымдастырылады, конференциялар мен мәдени іс-шаралар өтеді. Тұрланбековтер бұл басқосуларды өткізу барысында тынбай еңбектеніп, ерекше идеяларын ұсынып келеді.

Ербек Бакиев, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың бөлім меңгерушісі: «Жұмысқа деген қабілеттілігі мен ептілігі, ортамен тез тіл табысады, сонымен қатар, осы кітапханамыздың оқырмандарын кітапханаға тартуға да белсенділік танытып жүр. Гүлсара спорт саласында да шоудаун ойындарына қатысып, шетелдерге жолдама алып жүргенін де атап айтқым келеді».

36 жастағы Гүлсара Каттабекованың үстел теннисіне қатысып жүргеніне енді ғана 3 жыл толады. Ол осы уақыт ішінде көзі нашар көретін жандар арасында өтетін үстел теннисінен Қазақстан чемпионатына қатысып, екі дүркін жеңімпаз атанған. Ал биыл Швейцарияның Цюрих қаласында өтетін Ашық чемпионатқа жолдама алды. Дегенмен, спортты серік еткен жан жаттығу өткізетін арнайы залдың жоқтығын айтып қынжылды.

Гүлсара Каттабекова, тифлоредактор: «Үстел теннисі шапшаңдықты арттырады, құлақтың сезім мүшесін арттырады, өмірге деген құлшынысты арттыратын жақсы ойынның бірі. Үш жыл қатарынан болып жатыр, барып қайттық Астанаға. Биыл Швейцарияға, шетелге, нақтырақ айтсам Цюрих қаласына жолдама алып, қуанышпен оралдым».

Айта кетейік, жыл сайын қазанның әр екінші жексенбісінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар күні атап өтіледі. Бұл күн ерекше жандардың проблемасына және құқықтарының қорғалуына қоғам назарын аударуға арналған. Бүгінде Шымкентте 41 455 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның 8 мыңға жуығы — 18 жасқа дейінгі балалар. Оларға 12 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Ресми мәліметке сәйкес, ерекше азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады.