Úı ANONS Жаңа кезең: Президент бастамалары ардагерлер назарында

Жаңа кезең: Президент бастамалары ардагерлер назарында

Қалалық ардагерлер кеңесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұқбатын талқылады. Биылғы жылдың алғашқы басқосуына қатысқан аға буын, ел мүддесі үшін маңызды бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның қазіргі даму бағытына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы елдің басты мақсаты – экономиканы әртараптандыру, цифрландыруды дамыту және инвестиция тарту екенін атап өтті. Сондай-ақ көлік-логистика саласының стратегиялық маңызына ерекше мән беріп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық пайдалану қажет екенін айтты. Кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа технологияларды енгізу ел экономикасының тұрақты өсуіне негіз болатынын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, мақалада айтылған әр тақырып — өзінше өзекті.

Аға буын өкілдері, атап айтқанда Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері алғашқылардың бірі болып айтулы мақаланы талқылады. Ондағы қамтылған тақырыптарды сөз еткен ардагерлер, сұхбатта айтылған әрбір мәселе терең маңызға ие дейді.

СОЗАҚБАЙ ӘБДІҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: «Кешегі АЭС енді Ресейдіің компаниялары ұтып алды гой. Бұл жерде де үлкен сұрақтар бар. Ресей мемлекетінде қазір үлкен санкциялар салынып жатыр. Осы мәселеге қатысты жаңадан қосымша АЭС салынуы керек деген президенттің ұсынысы осыған да байланысты болуы болуы керек. Өздеріңіз білесіздер үйде 5 минут свет өшсе барлық нәрсе тоқтайды. Сондықтан бұл кісі аэс ті салу бізге үлкен қажет екенін қайта-қайта айтып түсіндіріп жатыр».

Президент өз сұхбатында, әлеуметтік және қоғамдық мәселелерге де жіті назар аударды. Жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары қатаң сақталатынын айтты. Әскердегі тәртіп, қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтардың қауіпсіздігі мемлекеттің тікелей бақылауында болатынын да атап өтті. Мемлекет басшысы тоқталған тағы бір тақырып, көлік-логистика саласы. Бүгінгі жиында, Президент стратегиялық маңызды деп екшеген саланың өзектілігі туралы, Дархан Қаюпов сөз етті.

ДАРХАН ҚАЮПОВ, «ЮЖАВТОТРАНС» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Ал енді қараңыздар. Ресей, Қазақстан, Түрікменстан, Иран арқылы теміржол салынып жатыр. Сөйтіп айта келіп тағы бір нәрсе айтты. Сіздер ойламаңыздар. Біз ғана салып жатырмыз деп. Көршілер де салып жатыр деді. Қызғыстан,Өзбекстан. Сондықтан бізге ертең болады гой дейтіндей уақыт жоқ деді».

Жалпы, сұхбатта елдің болашағы, тұрақты даму және халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі басымдық ретінде көрсетілді. Ал жиынға қатысқан ардагерлер мақалада айтылған бастамаларға қолдау білдіріп, мемлекеттегі тұрақтылық пен бірліктің маңызын атап өтті.

Ботакөз Әнуар