Úı ANONS Ардагерлер арасында турнир өтті

Ардагерлер арасында турнир өтті

Ардагерлер егде тартқан шақта да спортпен шұғылданудың маңызын іспен дәлелдеп, кейінгі толқынға өнеге көрсетті. Ішкі істер органдарының ардагері Әнуар Оңғарбаевтың құрметіне ұйымдастырылған арнайы турнирде спорт ақсақалдары қатысып, бәсекенің төрт түрінен өзара мықтыны анықтады.

 

 ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ, ҚАЗАҚСТАН СПОРТ АРДАГЕРЛЕРІ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қазақстан спорт ардагерлері одағы бүгінде бірқатар іс-шараларды қолға алып жатыр. Осы жолы көшпелі отырыс өткізіп, өзекті мәселелерді, ұйымның алдағы жоспарлары мен даму бағытын талқыладық. Осы Шымкент қаласы спорт ардагерлері форумы аясында үлкен кісілердің ойнауына қолайлы спорттың төрт түрінен жарыс ұйымдастырудамыз. Мұның бәрі — өскелең ұрпақ, жастар мен жасөспірімдер 60, 70, 80, тіпті 90 жасқа таяса да спортпен шұғылданып жүрген ардагерлерімізге қарап бой түзесін, үлгі алсын деген мақсаттан туындап отыр. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, сәттілік тілеймін. Әр қатысушыға жеңіс тілеймін!»

 

Спорт ардагерлері үстел теннисі, асық ату, бильярд және шашкадан бақ сынасты.Турнирге келген қонақтар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, көрсетілген қонақжайлылыққа ризашылығын білдірді.

ВАЛЕРИЙ ГРОМОВ, СПОРТ АРДАГЕРІ: «Форумға қатысу үшін арнайы келіп, дәл осындай үлкен шараға — 100 жылдық мерейтойға тап болдық. Таңертең бас қосып, атқаратын жұмыстарымыз бен мақсат-міндеттерімізді нақтылап, алдағы үлкен жоспарларымызды бекіттік. Маңызды мәселелерді талқылаған соң, міне, жарыс жолына шықтық. Біз де теннис, шахмат пен шашканы жақсы ойнай алатынымызды, ең бастысы — спорттың мәңгілік екенін жастарға көрсеткіміз келеді. Жалпы, бізді өте жоғары деңгейде күтіп алған Шымкент қала жұртшылығына алғысым шексіз. Бұдан артық қонақжайлылықты ойлап табу да мүмкін емес».

 

Жарыс қорытындысы бойынша оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен арнайы естелік тартулар табыс етілді.

 Ботакөз Әнуар