Бірі жылап, бірі «ертегідей сезімде» болды. Президент қолынан марапат алған ұстаздар эмоциясын жасырмады. Солардың қатарында, шымкенттік педагог та бар. Ол — «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды.
«Бұл енді ерекше ілтипат. Ертегідей сезімде болдым».
Шымкенттік педагог: «ертегідей сезімде болдым»,- деп Президент қолынан марапат алған маңызды сәтті айтып отыр. Жанар Тойлыбаева осыдан бірнеше күн бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды. Білім беру саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар мұғалім үшін бұл атақтың орны ерекше.
Жанар Тойлыбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы: «Бізді құрметті қарауылмен, оркестрмен қарсы алды. Ұстаздар керемет көңіл-күйде болды. Ән айтып, пікір алмасып, Ақордада көтеріңкі көңіл-күйде болдық. Президентіміз қолымызды алып, гүл беріп, марапаттады. Министірімізде сол жерде болды. Бәрі құттықтады».
Жанар Тойлыбаева бүгінде Шымкент қаласындағы №23 мектептің директоры. Білім саласында үздік атанып отырған педагог — оқушы кезінде де озат болыпты. Ұлағатты ұстаз бала кезін есіне алып, оқушы Жанар туралы да айтып берді.
Жанар Тойлыбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы: «Сол кезде мектеп Президентінің рөлін атқаратынмын. Мектеп Президенті — мектеп директорының рөлін атқаратын. Мұғалімдердің орнына кез-келген пәннің сабағын өтіп кете беретінмін. Оқушы кезімнен-ақ, білімімді практикада ұштастыра білдім. Кез-келген ұстаздың жанынан табылып, көмек қолын көрсетіп, оқушыларды сабаққа ұмтылдыруда жұмыс істедім»
Шымкенттік ұстаз Ақордада «ертегідей сезімде» болса, түркістандық мұғалім эмоциясына ерік беріп, көзіне жас алды.
Осылайша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтарды кәсіби мерекесімен құттықтап, ерекше сезімдерге бөледі. Айта кетсек, Президент 5 қазанда еліміздегі ең үздік 23 мұғалімге «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» медалін табыстады. Сондай ақ, оларға шамамен 3 млн. 700 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы да берілді.