Шымкентте 15 адам газдан уланып қайтыс болған

23

Шымкентте қысқы жылыту маусымындағы қауіпсіздік жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Дегенмен, жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері 15 адамның газдан уланып қайтыс болғанын айтып отыр. Сондықтан да , төтеншеліктер тұрмыстағы жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында ерекше профилактикалық шараларды өткізуге көшті. 

Шымкентте 3 адам тұрмыстағы өрт салдарынан қайтыс болған. Бұл жыл басынан бері тіркелген дерек. Төтеншеліктер жалпы орын алып жатқан өрттің жартысынан көбі осы тұрмыстық жағдайдағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайтынын айтты.

Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Жылыту маусымы аясында тұрмыстағы мүмкін болатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бүгінгі таңда рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Аталған шараның басты мақсаты тұрмыстағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Себебі жыл басынан бері орын алған өрттердің 53 пайызы немесе 144 фактісі дәл осы тұрмыстағы өрттерге тиесілі. Өрт салдарынан 3 адам мерт болып, 9 адам жарақат алды»

Жылыту маусымындағы тағы бір басты мәселелердің бірі — газдан улану. Жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері 15 адамның газдан уланып қайтыс болғанын айтып отыр. Олар қыс мезгілі енді басталатындықтан бұл сан әлі де көбеюі мүмкін дейді.

Айтолқын Бектаева, жедел жәрдем қызметкері, кезекші аға дәрігер: «Үйді жылыту кезеңіне байланысты көмірқышқыл газымен улану шақыртулары өте көп түседі. Менің айтарым мұқият болыңыздар. Жылына бір рет 104-ке хабарласып, газ колонкаларыңызды тексертіп отырыңыздар»

Сала мамандары профилактикалық жұмыстарды ерекше әдіспен өткізуге көшті. Төтеншеліктер кезекті түсіндіру жұмыстарын дронның көмегімен жүргізді. Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелері аппаратта орнатылған дауыс зорайтқыш құрылғысы арқылы қала тұрғындарына жеткізілді.

Шараға қалалық газ техникалық қызметінінің мамандары да қатысты. Олар тұрғын үйлердегі газ жабдығының техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін тексерді. Сондай ақ, жауаптылар құрылғылар талапқа сай орнатылмаса, газ беру тоқтатылатынан да ескертті.

Сауранбек Мырзабаев, Шымкент қаласы газ техникалық қызметінің инспекторы:
«Ескерту жасалады. Содан кейін қай бөлмеде орналасқан газ болса, соған газ беру тоқтатылады. «ҚазақГазАймақ» қызметкерлерімен ол жерге пломба қойылады. Айтылған кемшіліктерді орындамайынша, ол жерге газ берілмейді. Барлық үйге газ беруді тоқтатпаймыз. Өйткені күнделікті тұрғын тамақ пісіру керек, асын ішу керек»

Ал төтеншеліктер іс-шара барысында тұрғын үйлерге газ анықтағыш құрылғыларды орнатты. Олар бұл жұмыстар азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, жылу беру маусымында өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған дейді.