235 жаңа автобус сатып алынады

Биыл Шымкентте 235 жаңа автобус сатып алынады. Сондай-ақ, үшінші газ станциясы іске қосылады деген жоспар бар. Бұл туралы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы мәлімдеді. Сонымен қатар, 200-ден астам көше орташа жөндеуден өтеді. Жол-көлік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ алдағы бейнематериалда.

Шымкентте өткен жылы 209,9 шақырымды құрайтын 304 көшеде орташа жөндеуден өтті. Ал ұзындығы 104,6 шақырымдық 152 көшенің орташа жөндеу жұмысы 2025-ке өтпелі. Сонымен қатар, биыл тағы 88 шақырымды қамтитын 55 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 181 көше қамтылды.

Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 75% болса, 2025 жылы 79%-ға жеткізу жоспарланған. 2024 жылы 20 нысанда немесе 59, 5 шақырым құрылыс-қайта құру жұмыстарына қаржы қаралып, жыл қорытындысымен 6 нысан 23,1 шақырым жол пайдалануға берілді. 2025 жылы жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда жол құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылмақ».

Өткен жылы жарықтандыру жұмыстары да көлік басқармасының балансына өткен. 2024 жылы жарықтандыру жұмыстары 20 есеге арттырылды. 1237 көшеге заманауи жарық шамдар орнатылды. Биыл ішкі орам көшелерін жарықтандырумен 100% қамту жоспарлануда

Биыл мегаполиске 21 жаңа автобус сатып алынған. Сонымен қатар, 2025 жылы тағы 235 жаңа автобусты сатып алу жоспарланып отыр. Оның 180 автобусы – газ метан, 30 автобус – дизель, 25 – шағын автобус. Қазіргі уақытта қалада 2 газ станциясы жұмыс істейді, 2025 жылы 3-ші газ станциясын іске қосу жоспарланып отыр.

Гүлдана Сейдрасул