Түркістанда қоғамдық бағыттағы көліктер жыл соңына дейін толығымен үлкен автобустарға алмастырылмақ. Қазіргі уақытта 25 млн теңге тұратын «Yutong» маркалы 11 автобус  халық игілігіне қызмет көрсетуге дайын.

Тіпті су жаңа көліктер №4 «А» және №30 бағыттарға шығарылды. Ертеңгі күннен бастап қалған автобустар №4, №5, №7, №10 №31 бағытында жолаушыларды тасымалдайтын болады.

«Кестеге сай күнделікті 270 қоғамдық көлік түркістандықтарға қызмет көрсетеді. Сапалы қызмет, тұрғындарға жайлылық сыйлау мақсатында шағын автобустардың орнына Қытай ХР-нан 2018 жылы шығарылған үлкен автобустар сатып алдық. Евро-5 үлгідегі, яғни таза экологиялық автобустардың сиымдылығы 54 орынға лайықталған. Мамыр айында тағы да 10 автобусқа қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді «Жолаушы» ЖШС мекемесінің атқарушы директоры Медетбек Жұмагелдіұлы.

Жағымды жаңалық елең еткізгенімен «Жолақы бағасы өзгереді ме?» деген сауал туындайтыны анық. Бұл жөнінде қалалық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің басшысы Байдулла Оразбеков жолақы қымбаттайды деп алаңдауға еш негіз жоқ екендігін айтты.

 

QAINAR KÓZТүркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі