Шымкентте ескі автобустар жаңаланып жатыр

54

Шымкентте қоғамдық көліктер жаңаланды. Бұған дейін мегаполис тұрғындары әлеуметтік желіде №26 мен №34 автобустың интервалы алыс екенін және транспорттың ескі екенін жарыса жазған еді.

Сондай-ақ, lKomek орталығына да арыз-шағым білдірген болатын. Осы шағымдарды басты назарға алған сала жауаптылары, аталған маршрутта қызмет көрсеткен «МАN Оңтүстік» пен «Бек Сервис» тасымалдаушы компаниясымен келісімшартты біржақтама бұзуға мәжбүр болыпты. Ал бұл өзгеріске халық не дейді?

Осылай деп шырылдаған халықтың жанайқайына құлақ түрген транспорт басқармасы үшінші мегаполистегі ескі автобустарды біртіндеп жаңартып жатыр. Сала жауаптыларының айтуынша, №26 мен №34 автобус компанияларына тозығы жеткен көлікті алмастыру үшін бірнеше рет ескерту берілген. Алайда олар елемеген көрінеді. Сондықтан, қазір «Shymkent Bus» тасымалдаушы компаниясымен келісім жасасқан.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Біз оларға бірнеше рет ескерту бердік жаңартсын деп. Бірақ елеген жоқ. Амалсыздан шартты бұзуға тура келді. Қазір Yutong маркалы автобустардан 12 график шығарып отырмыз».

Бұл арқылы автобустағы интервал мәселесі де шешімін тауыпты.

Тұрғын: «34-тің арасы ұзақ болатын, 45 минуттай күтіп қалатын едік. Мына, жаңа автобус жүргелі жақсы болып қалды. Тез-тез жүреді, уақытылы, жұмыспен кешікпей барамыз».

Халықтың жанайқайы билікке жеткенін көрген өзге де жолаушылар басқарма басшысына өз ұсынысын білдірді. Мәселен, Құрсай шағынауданының тұрғыны 21 бағыттағы автобустың интервал сақтамайтынын айтады. Әрі үлкен шағынауданға бір автобус аздық етеді дейді.

Тұрғын: «Жарты сағаттай тұрамыз. Өмірі шыға салып мініп кету деген жоқ. Қайта 34-пен көп қатынаймыз. Бізге негізі екі автобус керек. Бір автобус жетпейді бізге. Халық көп қой».

Басқарама басшысы тұрғынның бұл ұсынысы назардан тыс қалмайтынын айтты. Бар мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын түсіндірді.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бәрін шетінен істеп келе жатырмыз. Бұрындары бұл автобустар тоқтап қалған еді. Сондықтан кішкене сабыр сақтаңыздар. Барлығын шешеміз».

Айта кетейік, республикалық маңызы бар қалада қатынап жүрген ескі автобустар мұнымен таусылған жоқ. Шымкентте әлі де ескі 3 қоғамдық көлік жүреді. Олар нөмірі 30,32 және 65 маршруттар. Транспорт басқармасындағылардың сөзінше, бұл автобус компанияларына да ескерту жасалған. Егер, қыркүйек айына дейін автобус жаңартып, интервалын қалыпқа келтірмесе бір жақты келісімшартты бұзуға мәжбүрміз дейді.

Мөлдір Ибадуллаева