Қаратау ауданында жаңа автобус бағыттары ашылады

199

Бұл туралы бүгін Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша онлайн режимде халық алдында берген есебінде айтты.

А. Әліқұловтың мәлімдеуінше, былтыр «Азат» шағынауданында ауыз су құбыры пайдалануға тапсырылды. Достық пен Тассай тұрғын алаптарында бұл бойынша абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Асар-2», «Бозарық», «Қайнарбұлақ», «Исфиджаб» шағынаудандары мен елдімекендеріне ауыз су қажет.
– Ауданда 247 мың халық тұрады. «Тұран» шағынауданына магистралды газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. 2021 жылы Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен «Достық», «Азат», «Асар-2» шағынаудандары бойынша газбен қамту жұмыстары жалғасады, – деді Абзал Шымкентбайұлы.

Есеп беру жиыны барысында БАҚ өкілдері тарапынан және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан қоғамдық көліктерге қатысты сауалдар қойылды.

– Бүгінгі таңда аудан бойынша 28 автобус бағыты бар. Ол наурыз айында газ құю бекеті салынып біткен соң 35-ке көбейеді. 44-бағыттағы автобус қарайтын «Янс» компаниясымен сапасыз қызмет көрсеткені үшін 10-15 күнде келісімшарт бұзылып оның орнына жаңа компания автобустарын жүргізеді. 115-бағытта жолаушы тасымалдайтын компаниямен де қызмет сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп жауап берді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері.

Мамандардың айтуынша, ақпанда қосымша жаңа автобустар сатып алынған соң сәуір айында жаңа сызба бойынша қосымша бағыттар пайда болып, автобустар саны артады.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы