Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент әскери колледжінің оқушылары мен басшылығы «Наурызнама» онкүндігі аясында Ұлттық спорт күнін атап өтті. Бұл күн спорттық жарыстарда курсанттарды біріктіретін күш, ептілік және командалық рухтың нағыз мерекесіне айналды.
Ұландар ұлттық ойындардан, 100 метрге эстафетадан және арқан тартудан сынға түсті. Жарыстың әр кезеңінде күш-қуат, құмарлық пен жеңіске деген жігер сезілді.
Әскери қызмет өте жақсы дене дайындығын талап етеді, сондықтан колледжде спорттық шараларға ерекше көңіл бөлінеді. Спорт мінезді нығайтады, төзімділік пен ұйымшылдықты дамытады – әрбір болашақ әскери қызметкерге қажетті қасиеттер.
Көктемгі Наурыз мейрамы дәстүр бойынша күш-қуатты, ептілік пен тапқырлықты сынаумен қатар жүреді. Взводтарға бөлінген курсанттар эстафеталық жарыстарға құлшыныспен қатысып, дайындықтың жоғары деңгейін ғана емес, сонымен бірге мызғымас командалық рухты да көрсетті.
Ашылу салтанатын әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшалов өткізді. Ол өзінің құттықтау сөзінде Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мәдени мұрамыздың маңызды бөлігіне айналған ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге көтеріуінің маңыздылығына тоқталды.
— Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы мықты, дені сау ұрпақ тәрбиелеп өсірді, ал біз олардың дәстүрін жалғастырамыз. Бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік сынды ежелден келе жатқан жарыстарға деген қызығушылық бүгінде жаңа күшпен жанданып келеді. Тоғызқұмалақтан, асық атудан және садақ атудан турнирлер де танымал, — деп атап өтті полковник Ахшалов.
Эстафеталық бағдарламада гір тасын көтеру, шәйнек көтеру, асық ату, бес асық, арқан тарту және қол күресі сынды дәстүрлі жарыстар болды. Әр жарыста эмоциялар асқақтап, жанкүйерлер жолдастарын айқайлап қолдады.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға кубоктар, мақтау қағаздары және естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл күн өзінің жарқын спорттық жетістіктерімен ғана емес, достық пен бірліктің ыстық атмосферасымен де есте қалды.