Шардара ауданында Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні салтанатты түрде атап өтілді

фото ШАӘБҚ
2025 жылғы 6 мамыр күні Шардара ауданында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудан прокуроры А.Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Е.Жуманов, ауған соғысының ардагерлері, әскери бөлімдердің қызметкерлері, бөлім басшылары мен мекеме қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі А.Қарсыбаев жиналғандарды қос мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылардың ерлігі мен батырлығына ерекше тоқталды:
«Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғауға әрқашан дайын тұрған азаматтарға, әскери борышын абыроймен өтеп жүрген жауынгерлерге, ардагерлерге арналған құрмет күні. Елін сүйген, туған жерін қорғауды қасиетті парыз санаған азаматтарымыздың ерлігі мен ерік-жігері – нағыз патриотизмнің үлгісі. Ауданымызда да ел қорғаны болуға әзір, Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін азаматтар өсіп келеді. Бұл – үлкен мақтаныш. Батыр бабалардың жолын жалғап келе жатқан әрбір азаматқа бас иеміз. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасы амандығын, бейбіт өмір мен баянды болашақ тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!» – деді аудан басшысы.
Іс-шара аясында ауданның қорғаныс және қауіпсіздік саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтар мен ардагерлерге Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойлық төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы және ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков мерекелік лебіздерін білдіріп, сала ардагерлері мен қызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шара соңы патриоттық рухтағы әндер мен қойылымдарға ұласқан концерттік бағдарламаға жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.