Шымкентте тағы бір оқушы жол-көлік оқиғасына түсіп, мерт болды. Бұл жолы қайғылы оқиға Нұрсәт ықшамауданында орын алған. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан оқушыны жеңіл көлік қағып кеткен. Бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Бүгін таңертең Шымкенттегі Нұрсәт ықшам ауданында Назарбеков көшесі мен Шанин көшесінің қиылысында 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті. Оқушы оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған. Куәгерлердің сөзінше, марқұм жол жүру жолағынан өтіп бара жатқан кезде жеңіл көлік келіп қалған.
БЛИЦ (куәгерлер): «Баланың жатқанын көрдім, болды. 1-сынып па, 2-сынып па дейді. Зебрадан жүргізуші қағып кетті дейді ғой».
«Пешеходтан өтіп бара жатқан еді, қыз ба, бала ма — мына жақтан машина келді де қағып кетті. Мен шошып, жолдан тез-тез өттім. Мектептен адамдар шықты. Машинадан түскендер баланы ұстай бергенде, бала қимылдамай қалды».
«Мына жерде көбіне пешеходқа қарамай өтеді ғой адамдар. Машиналар да тоқтамайды. Балаларыма да айтып келе жатыр едім — қарап жүріңдер деп. Негізі қауіпті, жан-жақтан машиналар келеді».
Бейресми ақпаратқа қарағанда, көлікті әйел жүргізген. Ол тежегіштің орнына газды басып жіберген көрінеді. Марқұм №80 мектеп-лицейдің 1 «Д» сыныбында оқыған. Қайтпас-2 ықшам ауданынан келіп, білім алған. Оқиға кезінде жанында ата-анасы болмаған.
Қаламқас Бөкебаева, №80 мектеп-лицейі директорының орынбасары: «Оқушылар бізге бірден хабар берді. Мұғалімдер де таңда мектепке келе жатқан. “Мына жерде баланы қағып кетті” деді. Жүгіріп бардық. Таңғы 07:50 шамасында болды. Ақ түсті машина тұрған екен. Бала жерде жатыр. Дер кезінде жедел жәрдем келді. 102 қызметкерлері де жетті. Бала сол жерде тіл тартпай кетті».
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, бала мектепке өзі келіп-кететініне ата-анасы толық жауапкершілікті алған. Оқушы — отбасындағы бес баланың төртіншісі. Қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Жүргізуші қамауға алынған.
«Chery Tiggo» автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды».
Шымкент қалалық полиция департаменті
Полиция тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, куәгерлерден жауап алынғанын мәлімдеді. Ресми дерекке сүйенсек, бұл — Шымкентте биыл көлік апатынан мерт болған екінші оқушы.
Дилара Иса

