Úı ANONS 80 жастағы шымкенттік әже көлік айдап жүр

80 жастағы шымкенттік әже көлік айдап жүр

Шымкентте 80 жастағы әже көлік тізгіндеп жүр. Жасына қарамастан, рөлден қол үзбеген қарияға жастар да таңырқай қарайды. Кейде тіпті, жол үстінде жарысқа шақыратындар да бар екен. Тілшіміз кейіпкермен кездесіп, оның көлікке деген ерекше сүйіспеншілігі туралы әңгімесін тыңдап қайтты.

Фатима апа көлік тізгініне алғаш рет 64 жасында отырған. Содан бері көлік — оның сенімді серігіне айналыпты. Қазір ол қала ішінде ғана емес, алыс аудандарға да сапар шегіп тұрады. Ақжаулықты әже «күн сайын дұға оқып, жолға шықпасам, өзімді біртүрлі сезінемін» дейді.

Фатима Нұрғалиқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:  «12 жылдан бері айдаймын. 64 жасқа келгенде оқыдым. Автошколаға барып оқыдым. Сосын машинаны берді. Үйреніп кеттім. Шалым жанымда отырып, айқайлап, дұрыс емес жерін сол сабақ болды маған. Қазір беймарал айдаймын, 12 жылдан бері. Кейбіреулері светофорға тоқтаған кезде апа жарысайық дейді. Жоқ жарыспа бала, ол шайтанның несі ғой деймін. Иә, апа дұрыс дейді».

80 жасқа келген Фатима апа көлігінің жағдайын үнемі бақылап отырады. Жөндеуге де өзі апарады. Қалада сенетін шеберханалары да бар екен. «Көлігім ескі болса да, ешқашан есігімнің алдында тұрып қалған емес», — дейді ақ жаулықты жүргізуші.

Фатима Нұрғалиқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Машинам бұзылар кезде өзім сеземін. Айдаған адам өзі сезеді екен ғой. Бірден балаларға барамын. Бекжан деген, Қуаныш деген балаларым бар сол жерде. Олар жөндеп береді».

Қазір егде жастағы әйелдердің көлік жүргізуге қызығушылығы артып келеді. Сала мамандарының пікірінше, рөлге отыру үшін бастысы — жас емес, ниет пен талпыныс екен. Батылдық танытқан адам кез келген жаста көлік айдауды үйрене алады.

Әлия Асқарқыщы, автоинструктор: «Жалпы машинаны айдау үшін әйел адамға қайсарлық керек болады. Және қызығушылық. Талпыныс керек. Және үйрену керек. Келу керек, мамандардан білім алу керек. Сонда ғана оңай айдап кете алады».

Фатима әже заманмен бірге ілгерілеп, жаңа бағдарламаларды меңгерген. Қазір ол қалада емін-еркін жүреді. Өз еңбегімен өмір сүрудің үлгісін көрсетіп жүрген әженің жігері талайға өнеге.

Лаура Бабас