Úı ANONS Қазақстан зейнетақы жүйесін қалай өзгертпек?

Қазақстан зейнетақы жүйесін қалай өзгертпек?

Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Сарапшылар мен жауапты мемлекеттік органдар оны жетілдірудің бірнеше жолын қарастырып жатыр. Соның ішінде Сингапурдың міндетті жинақтау жүйесі де бар. Дегенмен кейбір мамандар бұл үлгіні Қазақстан жағдайына бейімдеу оңай емес екенін айтады. Себебі мұндай жүйеде халықтың жүз пайызы зейнетақы аударымдарын тұрақты жасап отыруы тиіс. Ал Қазақстанда бұл талап әзірге толық орындалмай отыр. Мамандар ұсынған өзге де нұсқалар туралы алдағы сюжетте.

 

Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірнеше үлгісін зерделеніп жатыр. Солардың бірі – Сингапур моделі. Бұл жүйенің ерекшелігі – міндетті жинақтарды азаматтар зейнетке шықпай тұрып-ақ өз қажетіне жұмсай алады. Атап айтқанда, баспана сатып алуға, білім алуға, емделуге немесе қаржы салуға мүмкіндік бар. Ал Қазақстанда мұндай тетіктер жеке-жеке қарастырылған. Сондықтан оларды бір жүйеге біріктіру оңай шаруа емес, дейді сарапшылар. Бұған қоса, Сингапурда міндетті зейнетақы жарналарының көлемі біздегі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

 

МЕРУЕРТ МАХМҰДОВА, PUBLIC POLICY RESEARCH CENTER ДИРЕКТОРЫ: «Бізде негізге Чилидің зейнетақы моделі алынған. Қазақстанда зейнетақы қорына міндетті аударым мөлшері – 10 пайыз. Ал Сингапурда 55 жасқа дейінгі азаматтар үшін бұл көрсеткіш 37 пайызды құрайды. Оның үстіне, жарна көлемі адамның жасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, Қазақстандағы медианалық жалақы шамамен 339 мың теңге болса, Сингапурда ол 5 500–5 800 Сингапур долларына дейін жетеді. Сондықтан екі елдің экономикалық ауқымы мен мүмкіндігін салыстыру дұрыс емес».

 

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Сингапурды мыңдаған шақырым ғана емес, экономикалық жағдайының айырмашылығы да бөліп тұр. Сингапурда еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы дерлік міндетті зейнетақы жарналарын төлейді. Ал Қазақстанда әлі күнге дейін жалақысын бейресми алатын қызметкерлер бар.

 

РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ҚАРЖЫГЕР: «Әлі күнге дейін еңбекақысын «конвертпен» алатындар көп. Соның салдарынан 10–15, тіпті 20 жылдан кейін бұл адамдардың зейнетақы алуға құқығы болмауы мүмкін. Әрине, қазір жарна төлемей жүрген адамға бәрі тиімді сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ еңбек етуге қауқары қалмаған кезде бәрібір мемлекетке жүгінеді. Сонда мемлекет: «Осы уақытқа дейін қайда болдың? Неге міндетті жарна төлемедің?» деген сұрақ қояды».

 

Сарапшылардың айтуынша, әлемде әзірге мінсіз зейнетақы жүйесі қалыптасқан жоқ. Бір елдер мемлекеттік қолдауға басымдық берсе, енді біреулері жеке жинақ пен инвестицияға сүйенеді. Ал Қазақстан өзіне тиімді әрі қолайлы үлгіні іздеуді жалғастырып келеді.

 

БЕКНҰР КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ: «Меніңше, ең оңтайлысы – азаматтарға жинақтарының белгілі бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беретін, бірақ сонымен қатар зейнет жасына арналған негізгі қорды сақтап қалатын модель. Яғни адам барлық қаражатын бірден жұмсап қоймауы керек. Екіншіден, мемлекеттік қорлармен қатар жеке қорлардың да жұмыс істеуіне мүмкіндік болуы қажет. Бұл – Швейцария мен Скандинавия елдерінде қолданылатын тәжірибе. Өйткені түптің түбінде біз де жеке зейнетақы қорлары жүйесіне келеміз»

 

Бұдан бөлек, зейнетақы жинақтарын басқарудың ашықтығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі азаматтардың жүйеге деген сенімі зейнетақы қаражатының қайда инвестицияланып, қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанына тікелей байланысты. Еңбек министрлігі әзірге қандай да бір модельге көшу туралы сөз қозғауға ерте екенін мәлімдеді. Барлық ұсыныстар қазір талқылау және сараптамалық бағалау кезеңінде. Соңғы шешім жан-жақты зерделеу аяқталғаннан кейін қабылданады.

Лаура Бабас