Úı ANONS «Жібек жолы» кеден бекеті халықаралық талапқа сай жаңаруда

«Жібек жолы» кеден бекеті халықаралық талапқа сай жаңаруда

«Жібек жолы» кеден бекеті биыл пайдалануға беріледі. Бұл нысан, Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы халықаралық қатынасты дамытуға бағытталған маңызды нысандардың бірі. Қайта жаңғыртылып жатқан бекеттің құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев танысты.

 

Өңір басшысы мен  Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев жұмыс сапары барысында  «Жібек жолы» кеден бекетін аралады. Олар құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынын бақылап, жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық талаптарға сай бой көтеріп жатқан заманауи кеден бекетін биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 

Жобаның жалпы құны 11,6 миллиард теңгені құрайды. Бұл нысан аяқталғаннан соң, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар және көлік ағынын өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артады.  Яғни,  бекет ғимараттарының аумағы бұрынғыдан екі есеге жуық ұлғайтылып, шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеу үдерісі жеңілдейді. Нәтижесінде жолаушыларды өткізу жылдамдығы артып, көрсетілетін қызмет сапасы жақсарады.

 

Жауаптылардың айтуынша, кеден бекеті пайдалануға берілгеннен кейін шекарадан өту үдерісі едәуір жеделдеп, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігі артады. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық және сауда байланысын нығайтуға да оң ықпал етеді.

Нұргүл Жолымбетова