Úı ANONS Жастар практикасы: Биыл 1721 жас маман жұмыспен қамтылады

Жастар практикасы: Биыл 1721 жас маман жұмыспен қамтылады

Жастарды еңбек нарығына бейімдеп, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін жастар практикасы биыл да жалғасуда. Бұл бағдарлама оқуын аяқтаған жас мамандардың тұрақты жұмысқа орналасуына және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Биыл Шымкентте қанша жас маман жұмысқа орналасады?

 

Аружан Ниязбекова — 22 жаста. Ол жастар практикасы арқылы екі қолға бір күрек тауып, ұстаздық етіп жүр. Арманы асқақ бойжеткеннің алға қойған мақсаты да айқын. Алдағы уақытта жоғары педагогикалық колледжде тұрақты қалуды ниет еткен. Қазіргі таңда, аталған бағдарлама аясында  еңбек етіп жүргеніне бір жылға жуықтаған. Айлығы аз болса да, қанағат етіп, іс-тәжірибе жинаймын деп отыр.

 

АРУЖАН НИЯЗБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Оқуды аяқтаған соң, тұрақты жұмыс іздедім. Таныстарым айтты. Жұмыспен қамту орталығына бар деп. Келдім. Маған мамандар түрлі мекемеден жұмыс орындарын ұсынды. Жылы қарсы алды. Менің мамандығыма қарай жұмыс тауып берді. Өзіме тұратын жеріме жақын жерден таңдадым. Мамандығыма қарай, мектептерде болды».

 

Биыл жастар практикасы аясында 1721 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 434-і жұмысқа жолданып, жоспардың 25,2 пайызы орындалды. Жастар практикасына қатысушылар мемлекеттік мекемелерде, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ түрлі кәсіпорындарда еңбек етіп, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашады.

 

БЕКЗАТ ТОЛЫБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазіргі таңда, университеттерде диплом табыстау кештері өтіп жатры. 40 жуық ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарында біздің мамандар жастар практикасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіді. Қазіргі таңда жастар диплом алып жатыр. Алдағы уақытта көптеп келетін болады».

 

Жауапты мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіш толық орындалып, жүздеген жас алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жоғары және колледжжі өзге өңірлерде бітірген жас мамандардың тұрақты тіркеу  Шымкент қаласынан болуы міндетті. Айта кетейік, былтыр жастар практикасы арқылы 2251 жасты  жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 1771 жас маман жұмысқа жолдама алған.

Нұргүл Жолымбетова