Úı ANONS Түркістан: Өңір басшысы вокзал құрылысын қадағалады

Түркістан: Өңір басшысы вокзал құрылысын қадағалады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына ат басын бұрды. Ол, жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс барысын тексерді. Өңір басшысы нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына баға берді. 

 

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қайта жаңғыртылып жатқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда нысандағы жұмыстардың 50 пайызы аяқталған. Өңір басшысы құрылыс қарқыны мен сапасын тексеріп, анықталған кемшіліктерге қатысты сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ мердігер мекемеге құрылысты жеделдетіп, сапаны қатаң бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Ал, мамандар құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң вокзал ғимаратының жалпы аумағы 449,1 шаршы метрден 558,54 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Нәтижесінде жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалып, қызмет көрсету сапасы артады. Вокзал тәулігіне 145-155 жолаушыға қызмет көрсетіп,  бес жұп пойызды қабылдайтын болады.

 

Жауаптылардың мәліметінше, құрылыс жұмыстарын биылғы тамыз айының соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Облыс әкімі тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Нұргүл Жолымбетова