Инсульт кезінде әрбір секунд адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан Шымкентте дәрігерлерге көмекке жасанды интеллект келді. CEREBRA AI жүйесі компьютерлік томография нәтижесін санаулы секунд ішінде талдап, инсульттің алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл технология уақыт жоғалтпай, дұрыс ем тактикасын таңдауға жол ашады.
«Енді басталып жатқан инсульт белгілерін CEREBRA жасанды интеллектісі бізге анықтап отыр. Яғни, науқастың бас миында инсульт басталғанын бірден көрсетеді…»
Инсульт кезінде дәрігерлер «алтын сағат» деп атайтын шешуші уақыт бар. Осы аралықта көрсетілген көмек адамның өмірін сақтап қана қоймай, мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Ал жаңа цифрлық жүйе дәрігерлерге диагнозды бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі нақты қоюға көмектесіп отыр.
59 жастағы Көбей Алданов та осы диагнозбен ауруханаға түскен. Оның айтуынша, аяқ-қолы кенеттен жансызданып, жағдайы күрт нашарлаған. Жедел жәрдем бригадасы оны дер кезінде ауруханаға жеткізіп, қажетті тексерулерден өткізген. Қазір науқас ем қабылдап, жағдайы тұрақталған.
КӨБЕЙ АЛДАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Инсульт үйде басталды. Сол қолым мен сол аяғым ұйып қалды. Жедел жәрдем шақырдық. Осы жерге келіп КТ, МРТ түсіріп, диагноз қойды»
CEREBRA AI компьютерлік томография кескіндерін автоматты түрде саралап, инсульттің ошағын, көлемін және түрін анықтауға көмектеседі. Бұл дәрігердің шешім қабылдау уақытын қысқартып, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастауға жағдай жасайды. Дегенмен мамандар жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайтынын, тек оның жұмысын жеңілдететін көмекші құрал екенін айтады.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «CEREBRA жасанды интеллектісі орнатылғаннан кейін дәрігерлерге үлкен көмек болды. Бірнеше секунд ішінде инсульттің қай жерде орналасқанын, көлемін және түрін анықтап береді. Соның негізінде емдеу тактикасын жедел таңдауға мүмкіндік туады. Себебі инсульт кезінде ең қымбат нәрсе – уақыт»
Қазір бұл технология Шымкенттегі инсульт орталықтарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелер оң бағаланғандықтан, денсаулық сақтау саласының мамандары жыл соңына дейін инсультке мамандандырылған медициналық ұйымдардың барлығын осы жүйемен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде шұғыл көмектің сапасын арттырып, талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.







