Филармония ұжымы миллионыншы тұрғынды бесікке салды

2151

«Үндессін үнім әлеммен». Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония осындай тақырыппен сегізінші маусымын қорытындылады. Әдетте классикалық және халық шығармаларымен ғана шектелетін өнер ұжымы бұл жолы жаңа жобасын таныстырды. Әрі миллионшы тұрғынды бесікке салды.

Шалқыған шабыт, күмбірлеген күй мен саздың сыйқыры ә -дегеннен-ақ, әлем шығармаларымен үндесіп, келген көрерменді баурап алды. Көпшілік бір тыныспен күйдің құдыретін тапжылмай тамашалағанына куә болдық.

Ерлан Дәуренбеков — Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестірінің бас дирижері. Тәжірибелі маман күй-қоржынның жаңаланып, заманауи үлгіде жұртшылыққа жол тартуында тартынбады. Тиісінше, ұжымдағы бір емес, 50-ге жуық өнерпазды бір мезет – бір уақытта шебер басқарып, сахнаның еркіндігін еңсерді. Кейіпкеріміз арнамыздың көрермендері алдында тыңдарманға тұщымды тарту жасауының құпиясын жасырған жоқ.

Ерлан Дәуренбеков, Сүгір атындағы қазақ ұлт – аспаптар оркестірінің бас дирижері: «Қолымдағы таяқшаның құпиясы – әрбір шығарманы мен жаныммен сезініп, сол еңбекті түсініп орындаймын. Сол оқиғаның ортасында өзім жүргендей күй кешемін. Ал өзге де күйшілер мен сазды аспапта ойынап отырған әріптестеріме осы бір жағдайды рухани жеткізіп, ұжымды басқаруда шеберлік танытамын».

«Үндессін үнім әлеммен» тақырыбы аясында өрбіген сырлы кеште әлем жаһұттарымен қатар, жергілікті композиторлардың шығармалары да шет қалмады. Ұлы сазгер, вальс падишаһы Ш.Қалдаяқотың ән-қазынасы да үлкен құрметпен ұсынылды. Ал филармония басшылығының айтуынша, маусымның жетістігі – ән-қоржынның жаңалануы ғана емес, ұжымның жылдық табысын саралау.

Өнерпаздар сахнада жаңа бағдарламасын таныстырды. Фольклорлық ансамбль халық қазынасын жаңғыртты. Дәстүрлі әндер шеруі де сахнада салтанат құрды.

Өнер ұжымы 8-маусымын Шымкенттің миллионыншы тұрғыны – Айсұлу Еламанды бесікке бөлеп, бесік жырын ұсынумен қорытындылады. Осылайша қалаға деген құрметін білдіріп, жерлестерін жетістікпен құттықтады. Айта өтейік, енді Ш.Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы араға ай салып, көрерменімен қайта қауышады. Ал бүгінде аталған өнер ошағында 240 адам қызмет етеді.