Алмалы ауылы 6 жылдан бері ішімдік пен темекі өнімін тұтынбайды

119

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алмалы ауылының тұрғындары ішімдік пен темекіден мүлдем бас тартқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда алты жылдан астам алкоголь мен темекі сатылмаған. Ал полицейлер сол кезден бері ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмегенін айтады.

Бұл дүкенде алькоголды сусындар мүлде сатылмайды. Жетісай ауданы, Алмалы ауылының тұрғындары маскүнемдікпен осыдан алты жыл бұрын күресе бастаған. Бұл идеяны жергілікті ақсақалдар ұсыныпты. Ал алмалылықтар болса, бірауыздан қолдаған. Сол кезден бастап сөрелерден ішімдік мен темекіні түгелдей алып тастапты. Сондай-ақ мұнда ажырасу мен құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Сондықтан бұл ауылда жыл басынан бері бір де-бір тонау немесе ұрлық фактілері тіркелмеген, ал соңғы бес жыл ішінде ешқандай отбасының шаңырағы шайқалмаған.

 Төлепбай Саратов, Алмалы ауылының биі: «Алмалы ауылында ұрыс-керіс жоқ. Отбасында ажырасу деген мүлде жоқ. Қандай да бір мәселе туындаса, біз үлкендермен бірге бәрін келісіп шешеміз».

Бәрінен де жергілікті тұрғындар ақсақалдар құрған заңға дән риза. Ал сатушылар жастардың денсаулығына зиянды тауарды сөрелерден еш қарсылықсыз алып тастағанын айтады.

Ауыл сатушысы: «Біздің дүкендерде алкоголь немесе темекі сатылмайды. Жергілікті тұрғындар үйреніп қалған. Тіпті азық-түлік дүкендерінде алкоголь мен темекіге сұраныс жоқ».

Ауыл тұрғындары таң бозынан кешке дейін егіс алқаптарында өз жұмыстарымен айналысады. Тіпті жағымсыз әдетке олардың уақыты да жоқ екен.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ішімдік қойылмаған мерекелер одан да қызықты өтетін көрінеді. Арқа-жарқа болып тарқасқан халық, ертесіне еш қиындықсыз өз шаруаларына кіріседі.