Қаратау ауданындағы Шапырашты тұрғын алабы ішімдіктен бас тартқан

Қаратау ауданына қарасты Шапырашты тұрғын алабы толықтай ішімдіктен бас тартқан. Нәтижесінде өңірде құқыбұзушылықтар мен жастар арасындағы тәртіпсіздіктер сап тиылған. Ал дүкендерді тұрғындардың өтініші бойынша тәртіп сақшылары жиі тексеріп отырады.

Шапырашты елдімекенінде ішімдік мүлдем сатылмайды. Жастар осындай бастама көтеріп, ауыл ақсақалдарына ұсынған. Мақсаты – аймақтағы құқықбұзушылық санын азайтып, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу. Әлия Матова дүкенін ақпан айында ашқан. Кәсіп иесі ішімдіксіз де сауданың жақсы жүріп жатқанын айтады.

Әлия Матова, Шапырашты тұрғын алабының тұрғыны: «Ішімдік сатпаймыз, тек қана азық-түлік. Ішімдіктің пайдасы жоқ. Басында ішімдік сатпаймыз деп ашқанбыз өзіміз жанұямызбен, сол үшін сатпаймыз ешқандай ішімдік. Пайдасы болғанымен, бізге керек емес, зияны көп оның».

Тұрғын алапта 4 азық-түлік дүкені бар. Ақсақалдар бұл белгілі жағдайдан кейін шешілген ереже емес, керісінше жаман әдеттердің алдын алу үшін жасалған шешім дейді. Тіпті тұрғындардың өтініші бойынша дүкендерді апта сайын полицейлер де тексеріп, қадағалап отырады.

Нұрмахан Бекбосынов, Шапырашты тұрғын алабының биі: «Бұған бір оқыс жағдай немесе басқа нәрсе  себеп болған жоқ. Бұған енді жастар ғой себеп болған. Өздері осындай игі бастама көтеріп, ақсақалдардың қолдауымен, учаскелік инспекторлары бар».

Данияр Қыпшақов, Қаратау аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары:
«Статистикаға қарайтын болсақ, қылмыс орын алмауы тіркеліп отыр. Ең бастысы қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамыз ету, отбасылық жанжалдарды болдырмау мақсатында, көшелердегі жол жүру ережесінің сақталуы».

Өнегелі өңірде бүгінде 3000-нан астам тұрғын тұрады. Ал өткен жылдан бері тұрғын алапта ешқандай қылмыс тіркелмепті. Полицейлер енді аудандағы өзге де аймақтарға осы ережені ұстануды ұсынамыз деп отыр.