Мектеп пен жатақхана құрылысы инвесторлар тарапынан жүргізіледі

49

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш ауысымда оқыту мәселесі мен студенттер жатақханасының тапшылығын шешуді қолға алды. Министрлік өкілдері кәсіпкерлерді инвестициялық жоба аясында бірге жұмыс істеуге шақырды. Бағдарлама бойынша бизнесмен өз қаражатына нысан құрылысын жүргізеді. Ал мемлекет жыл сайын арнайы төлем тағайындап, қаражатын қайтарады.

Шымкентте студенттер жатақханасы мен жекеменшік мектептерді салу бойынша екі бағдарлама таныстырылды. Инвесторларды ынталандыру үшін мемлекеттік төлемдер де қарастырылған.

Елімізде білім ордаларының тапшылығы барлық өңірде өзекті мәселе. Ал Шымкентте әлі 28 мыңға жуық орындық мектеп қажет.

Арманай Мирасқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ бас маманы: “Мектеп құрылысына 1 оқушыға жылына 96 АЕК көлемінде ақша төленеді. Бұл қаражат 8 жылға дейін беріледі. Ал мектепті қайта құруға – 1 оқушыға 47 АЕК көлемінде бөлінбек. Жан басына шаққандағы норматив бір оқушыға орта есеппен жылына 590 000 теңгені құрайды”

Студенттік жатақханаларды салуға және қайта жөндеуге мемлекеттен қаражат бөлінеді. Тіпті мерекелік күндердегі құрылыс жұмысы үшін де ақша төленбек. Алайда нысан тұрғындарына мониторинг жүргізілетін болады.

Арманай Мирасқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ бас маманы: “Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда мектеп тапшылығы сезіледі. Сондықтан инвесторлар тарапынан мектептер салу қолға алынды. Сонымен қатар жатақханаларды салуға да мемлекеттен төлемдер қарастырылған. Біздің басты талабымыз 1000 орындық жатақхана салуы керек. Онда студенттер үшін барлық жағдай жасалуы тиіс”

Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін нысан кәсіпкердің жекеменшігінде қалады. Төлемдер АЕК пен жыл сайынғы инфляцияға байланысты есептеледі. Ал жаңа жобаға қатысу үшін жер телімінің құжаттары мен өтініш қалдыру жеткілікті.