Шымкенттіктер көрші елден келген баспанасыз әйелге пана тауып берді

516
Шымкенттіктер көрші елден келген баспанасыз әйелге пана тауып берді

Шымкенттіктерді өзге елден келіп, Қазақстанда қалуды армандаған жас келіншектің жайы дүр сілкінтті. Қалада баспанасыз далада қалған Өзбекстан азаматына жергілікті кәсіпкерлер үй тауып беріп, көмек қолын созды. «Зорлық зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында прокурорлар қамқорлық танытты.

Өзбекстандық азаматшаны жүкті кезінде жігіті тастап кеткен. Қаңқу сөзден қашып, шекара асып, елімізге келгенде маңдайы тасқа тигендей күй кешіпті. Паналар баспанасы, ішер тамағы, қаражаты болмай қиындыққа душар болған. «Денесінде зорлық-зомбылықтың белгісі жоқ» деп, дағдарыс орталығы қабылдамапты. Ал әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары «Мұнда тек сотталған, белгілі бір тұрағы жоқтар қабылданады» деп шығарып салыпты. Бөбектер үйі баласының жасына байланысты пана бола алмаған. Шыдамы таусылған әйелге Әл Фараби аудандық жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары көмектесті. «Зорлық зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында прокурор Бақыт Қуанышқызы да жәрдем беріпті.

Зухра: «Жұмыс істемедім біраз уақыт, пәтер таппай қалдым. Әл Фараби полиция бөліміне бардым, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау орталығына бардым. Олар тегін үй тауып берді. Қол үшін бергендері үшін рахмет айтамын.»

Жүрегінде иманы бар, қайырымды адамдардың көмегімен кейіпкеріміз пана тапты. Халал дәмхананың иесі, кәсіпкер әйел көмек қолын созып, тегін тұратын үй тауып беріп, паналатып отыр. Бір жарым жасар қызын балабақшаға орналастыруға да көмектесті.

Шымкенттіктер көрші елден келген баспанасыз әйелге пана тауып берді

Лариса Мирюсупова, кәсіпкер: «Жағдайын естіп, жәрдем көрсеттік, қазір үйімде тұрып жатыр. Алла разы болсын деп, жәрдем беріп жатырмыз.»

Салтанат Тұрсынбекова, Қазақстанның бас прокурорының кеңесшісі: «Бүгінде кризистік орталықтар ашылып жатыр. Ол жерде бүгінде 43 әйел балаларымен жайласып, басына түскен әлеуметтік жағдайлары шешілуде. Кешегі Өзбекстаннан келіп, мұқтаж болған қыз жәрдем тапқанының өзі үлкен азаматтық, мәрттік іс деп есептейміз. Әр адам жолында кездескен ауыр халге түсіп қалған адамға көмек көрсетсе, жағдайы жоғары адамдар өз үлесін қосатын болса, нұр үстіне нұр болар еді.»

Дағдарыс орталықтарының заңдық негізде жұмыс істегені дұрыс-ақ. Дегенмен әртүрлі жағдайлар орын алады, түрлі жәйттерді ескеріп, алдағы уақытта қосымша жәрдемдерді де қарастырса дейді Зухра. Ол өзін бауырындай қабылдаған жандарға дән риза. Енді екі айдан кейін Қазақстанның азаматтығын алып, ел қатарлы өмір сүруге мүдделі.

Гүлжан Көшерова