Оңтүстікте өрт сөндіру бекеті жетіспейді

495
Дала өрті

Тілсіз жау төтеннен қауіп төндірсе, облыстағы сала қызметкерлері осалдық танытады. Арнайы комиссия отырысында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Александр Путейко осыны мойындады. Өйткені өңірде өрт сөндіру бекеті жеткіліксіз. Оған қоса су қорын алатын дренаждар да тапшы. Ал бұл жағдай қызыл жалынды ауыздықтауға кедергі келтіретіні сөзсіз.

Дала өрті

Комиссия отырысын облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы өткен жылды қорытындылаумен бастады. Өңірде былтыр тілсіз жау талай төтеншеліктің төбе шашын тік тұрғызыпты. Өйткені 100-ден аса өрт болып, миллиондаған теңге шығын келген.

Александр Путейко, ОҚО төтенше жағдай департаментінің басшысы: «2015 жылы облыс аумағында 6 орман өрті болып, 131 мың гектар жер жанып кетті. 478 мың теңге материалдық шығынға ұшырадық. Басқа да өрт оқиғалары әбігерге салды. Қуантарлығы, адамдар зардап шекпеген.»

Тағы бір өзекті мәселе – өңірде өрт сөндіру жасағының жетіспеушілігі. Өңірдің бас құтқарушысы облыс халқының жартысына жуығы өрт сөндірушілердің қызметін дер кезінде пайдалана алмайтынын жасырған жоқ. Шалғай ауылдар мен елдімекендерде арнайы бекеттер жоқтың қасы. Оған су қорын алатын дренаждардың тапшылығын да қосыңыз.

Александр Путейко, ОҚО төтенше жағдай департаментінің басшысы: «Облыс аумағында өрт қауіпсіздігі тұрғысынан қорғалмаған 68 елдімекен бар, тағы 549 ауыл өртке қарсы қызмет бекеттерінен алыс орналасқан.»

Аудандардың шалғай ауылдарында өрт сөндіру бекеттерінің жоғы өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтыңда жағасын ұстатты. Сондықтан әкім-қараларға елдімекенді тілсіз жау шарпыған мезетте жедел әрекетке көшуді машықтандыруды тапсырды.

Бейбіт Атамқұлов, ОҚО әкімі: «Республика бойынша ең соңғы орында тұрмыз. Шығыс Қазақстанда 48 өрт сөндіру бекеті бар. Ал бізде бар болғаны екеу. Өрт болған жағдайда суды шелектеп тасисыңдар ма? Тез арада шешімін шығару керек мына мәселенің!»

Өңірді қызыл жалыннан қорғау үшін тағы бақандай 72 өрт сөндіру бекеті қажет екен. Ал жергілікті әкімдіктер 800-ге жуық еріктілер бригадасын жұмысқа тартқан. Төтеннен төнген қатер кезінде тұрғындарға тиесілі техниканы да пайдалануға тура келеді. Жауаптылар осылайша ащы да болса өңірдің өртке қарсы өткір мәселесі көтерілген жиында барын жайып салды. Ал Оңтүстіктің билік басындағылары облыстағы саланың осындай осалдығын тез арада шешпесе, аптап ыстықта ахуал қиын боларын ескертті.

Тағы бір айта кетерлік жағдай, демалыс орындарында тазалықты сақтамаған азаматтар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Көздің жауын алар сарқырама мен таза тау ауасы кез келген адамның жанына рахат сыйлары анық. Алайда онда демалуға келген жұртшылықтың әрекеті тазалық сақшыларының ызасын келтіріп отыр. Себебі, саф ауамен тыныстаған азаматтар тиісті ережелер мен өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамайды екен. Қоршаған ортаны ластау жағдайлары былтырғыдан әлдеқайда артып кеткен дейді тазалыққа жауаптылар.

Ғалымжан Кенжебек