Дала өртінің алдын алу шаралары қарқын алды

394

Аптап ыстықта каланың іргесіндегі шалғай елдімекендерде дала өртінің алдын алу бағытында жұмыстар қарқын алды. Бұл жолы Еңбекші ауданы әкімдігі төтеншеліктермен бірге Қаратөбе аумағындағы егін алқаптарында өртке қарсы іс шараларын пысықтады.

Мына минералды жолақтар егістікті өрттен сақтайды. Өндірістік кооперативтің төрағасы Саиджан Анарматов айдың соңында бидай пісіп жетіледі, сол кезде өрт қауіпі күшейеді дейді. «Біздің өндірістік кооперативке 500 га суармалы жер тиесілі. Күздік бидай еккенбіз. Өрттің алдын алу мақсатында екінші рет егін алқабының шетінде жерді аударып минералды жолақ жасаудамыз. Екі жетіде өнімді жинау науқаны басталады. Шілденің де ауылы алыс емес. Сондықтан егістік басында астық жиналып біткенше боламыз» дейді.

Шымкенттегі Қаратөбе аумағындағы 5 тұрғын алабында 24 мыңға жуық халық тұрады. Басты кәсібі егіншілік. Сондықтан да жауаптылар шаруашылықтарды аралап, өртке қарсы шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Қаратөбе аумағында екі ірі өндірістік кооперативі және 400 ге жуық шаруа қожалығы бар. Егін егетін шаруаларға дала өртінің алдын алу ережелерін кезекті рет түсіндіріп жатырмыз» дейді  Еңбекші ауданына қарасты Қаратөбе аумағындағы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Самат Жүнісбаев.

Төтеншілектер егін алқабындағы минералды жолақтардың талаптарға сәйкес жасалғанын тексеруде. «Қазгидромет» қызметінің маусымның 20-ынан күн ыситыны жайлы хабар алған бойда дауылды ескерту таратқан төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу шаралары бойынша жұмысты күшейткен.

Нұрмахамед Бостанбек, Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері: «Жазғы мезгілде аптап ыстықта шөптер қурап, дала өрті қауіпі  артады. Регламентке сәйкес егістік жерлерде минералды жолақтар жасалуы тиіс».

Минералдды жолақтардың ені 4 метрден кем болмауы тиіс. Жолақтар талапқа сәйкес жасалса, дала өрті бола қалған жағдайда егістікті сақтайды. Төтеншеліктердің мәліметіне сүйенсек өрттің алдын алу шараларының арқасында былтыр Еңбекші аумағында бірде бір дала өрті тіркелмеген.

Шынар Оразова