Түркістан: Дала өртін болдырмау мақсатында оқу-жаттығу өтті

134

Түркістан – Балтакөл бағытындағы арнайы аймақта облыстық орман шаруашылығы және оны қорғау мекемелерінің орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі тактикалық оқу жаттығу өткізілді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп өткізген шара табиғи апаттың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сценарий бойынша қураған ағаштар мен бұталарды өрт шалды. Жоспарланған қызыл жалын 200 шаршы метр алаңды қамтыды.

Бақытжан ЗАФАРОВ, Түркістан облысы ТЖ департамент бастығының орынбасары: «Бұл жерде қазір осы облыстағы 12 орман шаруашылығы жұмылдырылуда. Өрт тактикалық сабақтың негізгі мақсаты – ол осы орман шаруашылығы мен мемлекеттік өртке қарсы қызметтің біріктіріліп жұмыс атқаруы, өртті сөндіруі. Өзара іс-қимылдарды бекіту. Осы орайда қазір 38 техника, 164 адам жұмылдырып жатыр».

Өңірдегі орман шаруашылығын дамытудың аса маңыздылығын атап өткен облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев орман шаруашылығы мекемелеріне 70 жаңа техника табыстады. Сондай-ақ, облыс әкімі «Жасыл белдеу» жобасының жұмыс барысымен де танысты.

Орманды молайту және орман өсіру саласында жоспарланған жұмыстарды сапалы, толығымен орындау мақсатында қосымша штаттық бірліктер мен техникалар алынып жатыр дейді мамандар.

Мөлдір Ибадуллаева