Олар қолдарынан келгенінің бәрін істегенін айтады
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 3 жасар Ердос 1,5 ай бұрын комаға түскен болатын. Бұған бүлдіршіннің туыстары дәрігерлерді кінәләп отыр.
«16 тамызда оқиға орын алғаннан кейін баламызды облыстық балалар ауруханасына жаткіздік. Сол кезде оған операция жасалды. Бірақ, біздің қолымызға ота он жетісі күні жасалды деп жасылған қағазды берді», — дейді Ердостың әпкесі Гүлшат Мамбеталиева.
Баланың ата-анасы дәрігерлердің Ердосқа жеткілікті дәрежеде қарап жатпағанын айтады. Олар тіпті облыстық денсаулық сақтау департаментіне де хабарласқан. Ал дәрігерлер қолынан келгенін жасаудамыз деп Ердостың ауруының тарихын көрсетті.
«Бала бізге өте ауыр халде жеткізілді. Бас сүйегі жарақаттанған, оның үстіне басына сұйықтық жинала бастады. Сондықтан балаға ота жасаймыз деп шештік. Ауруханада болған уақыт аралығында оны 2 рет МРТ түсірдік. Электрондық сайт арқылы республикалық нейрохирургия орталығынан кеңес алдық. Сағат сайын бүлдіршінді бақылап отырмыз. Мұны ата-ананың өзі де біледі. Қазір бір-бірімізді қаралай бергенше баланың есін жиуына әрекет жасайық», — дейді дәрігер Алма Біләлова.
Әзірге мамандар баланың денсаулығы жайлы ешқандай болжамдар айтқан жоқ. «Егер Ердосымыздан айрылып қалатын болсақ, аурухананың бас дәрігерін сотқа береміз», — Гүлшат Мамбеталиева дейді.