Оңтүстікте барлығы қазақша сөйлейді

«Мемлекеттік тіл- Қазақстан халқын біріктіретін тіл.» Осындай атаумен бүгін Шымкентте фестиваль өтті. Аталған ауқымды шараның ұйымдастырылуы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен елімізде өмір сүретін халықтың тілдер күніне арналып отыр.
Фестиваль театрландырылған көркем қойылымнан басталды. Оған облысымыздың барлық ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері жиналды. Олар бүгінгі фестивальдің атауымен толық келіседі. Мемлекеттік тіл – кең байтақ Қазақстандағы барлық халықты біріктіретін тіл дейді жиналғандар.
Мінбеге шыққандар жыл санап мемлекеттік тілдің дамуына барынша басымдылық беріліп жатқанын айтады. Осыдан 20 жыл бұрын қазақ мектептерінде еліміз бойынша  900 мың оқушы  болса, қазір олардың қатары 1,5 млн-ға жеткен. Яғни мемлекеттік тілге деген сұраныс артып отыр.

 Қазақ тілін оқытып-үйрету мен оның насихатталуына үлкен үлес қосқандар фестивальда марапатқа ие болды. Олардың арасында «Отырар» телеарнасы, «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттерінің басшысы Валентина Куликова да бар.
Мерекелік шара ән мен күйге ұласты.