Сайлаукүл Барақова: «Жекешелендіргеніміз дұрыс болмады»

Тоқсаныншы жылдары ОҚО әкімінің орынбасары болған, кейін сенатор, ОҚО білім басқармасының бастығы қызметтерін атқарған Сайлаукүл Барақова бұл сұхбатта егемендік алған алғашқы жылдарымызда жіберілген кемшіліктер жайлы сыр шертеді.

 Сайлаукүл Жаппарқызы, өзіңіз де жақсы білесіз, биыл еліміз үшін мерейтойлы жыл. Айтыңызшы, Тәуелсіздік қазаққа не берді деп ойлайсыз? Сол қазақтың бірі ретінде Сізге, сіздің отбасыңызға не бергені бар?

Әрине, бұл тәуелсіздіктің халыққа, ұлтқа бергені көп. Дінімізбен, ділімізбен, тілімізбен осы тәуелсіздік арқылы қауышып жатырмыз. Жылдап соғысып жатқан елдер бар.

Менің ойымша, бізге ендігі жерде қантөгіссіз алған тәуелсіздігімізді сақтап қалу, егемендікті баянды ету үшін күресу керек. Сол себепті «Тәуелсіздік маған не берді?» деп емес, мен тәуелсіздікке не бердім деген мақсат тұрса деймін алдымызда

Дегенмен де бастапқыда қатты қиналғанымыз рас қой. Жасыратын несі бар, тоқсаныншы жылдары «Бүйткен тәуелсіздігі бар болсын?!»- деп, ашынғандар да болды. Сол жылдары сіз билікте отырдыңыз. Облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Білім басқармасын басқардыңыз… Сіздіңше, қарапайым халық сезінген сол қиындықты билік сезіне алды ма?

 Ол кез дағдарыс заманы еді ғой… Өндірістің барлығы тоқтап, совхоз, колхоздар тарап кетті. Қалай деген күнде де дәл осы совхоз, колхоздардың таратылғанына еш қосыла алмаймын. Әлде, түсінбеймін бе?! Түсіндіргеннің өзінде мен соны қабылдай алмадым еш.

Қытай да сондай дағдарысты бастан кешірді. Бірақ, сақтап қалды ғой барлық шаруашылығын сол күйінде. Бізге де сақтап қалуға әбден болатын еді. Мысалы, біздің Киров, Қапыланбек, Мичурин шаруашылықтары ешкімге тәуелді емес, пайда тауып, елге жұмыс көзі болып отырған миллионер колхоз-совхоздар еді. Оларды жалған банкроттыққа жіберіп, болмашы тиын-тебенге сатудың не қажеті болды?

 Менің де білгім келетіні осы ғой… Сіз сол кезде әкімдік жүйеде едіңіз, сол кездегі биліктегілердің діттегені не еді сонда?

Билік ешнәрсені білмей отырды деуге болмайды. Қарапайым халықпен бірге қиналдық біз де. Қайда барсақ та алдымыздан «жұмыс тауып бер», «жалақымды алып бер» деген жұрт шығады. Олардың қиналғанын көріп тұрып, көмек берер дәрменің жоқтығын сезінуден асқан қиналыс болмайтын шығар, әсті?!

Бірақ, мен бір нәрсені ашық айта аламын. Ол кәсіптік училищелерді сақтап қалдық. Осы күні сол ісіміз дұрыс болғанына қуанамын.

Тоқырау заманында барлығы жекеге тиын-тебенге сатылып жатқан тұста болашақты ойлағандар болса колхоз, совхозды, зауыттарды сатып жібермей, алып қалуға мүмкіндік болғаны ғой?! Сіз мысалы алып қалып отырсыз кәсіптік мектептерді. Неге енді, өзгелер де солай етпеген?

Өзге үшін жауап бермеймін. Мүмкін оның да өзіндік себебі болған шығар. Әйтеуір, тығырықтан шығатын жол сол болды ма, кім білсін?! Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, мен бәрібір сол шаруашылықтардың жекешеленгенін әлі де қабылдай алмаймын.

Мәселен, «Қапланбек» совхозы қандай еді! Шарабын сатып жатқан, банкроттыққа ұшырайтындай емес еді ғой… Түсінбеушілік болды деп ойлаймын, жекешелендірудің жолы осы деп, жаппай сатып жібердік. Сенатта жүргенімде де жерді сатуға қарсы болдым. Әсіресе, суармалы жерден айрылып қалғанымыз аяздай батады арқама.

Қазір, қай ауылға барсаң да айтатыны «малды қайда жаямыз?» деген мәселе. Ауылдағы ағайын мал бағып, күнкөріп отыр еді. Жайылымдық жер қалмай, барлығы сатылып кеткен соң, ел малды да амалсыз сатты. Онсыз да жұмыс таппай жүрген ауылдағы ағайын малынан айрылып, күнкөрісі төмендеді. Содан барып, қылмыс жасайды. Қарап отырсақ, қылмыс жасап жатқандардың көбі — қазақтар.

Мен мұны билікке қарсы шығайын немесе Қырғызстандағыдай бүлікті бастайын деп емес, елге жаным ашығандықтан, біз сияқты өмірді көрген, жасы үлкен аға-апалар айтуға тиістіміз ғой деген оймен айтып отырмын. Байқаймын, біртіндеп ел тағы бір тығырыққа тірелгелі отыр.

Сайлаукүл Жаппарқызы, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге қарап заң алдында барлық адам бірдей емес екен ғой деген ойға еріксіз ораласың. Сіз кезінде Сенат депутаты болдыңыз, айтыңызшы, біздегі заңдар кімдерге арналып жазылған?

 Сен түгілі, мен өзім де таң қаламын, заңды оқысаң барлығы керемет, әділ, орындаған адам тәртіпті болуға тиісті. Бірақ, өмірде өзің айтпақшы, біреуге заң бар да біреуге заң жоқ. Жалпы, бізде заң бар, орындалуы жоқ.

Кейде ойлаймын, мұның барлығы қоғамды демократияландырамыз деп осалдық танытып алудан ба екен деп. Әсіресе, қоғамды соңғы кездері алаңдатып отырған дін мәселесіне абай болуымыз керек. Қоғамдық ұйым ретінде 10 адамның басын құраса болды, тіркеліп, өз мешітін ашып алатындар көбейді.

Заңға барлығы бірдей бағынатындай ету керек.

Сіз бір сөзіңізде «100 пайыздық тәуелсіздік деген болмайды» деп айтып қалдыңыз? Қазақстанның тәуелсіздігі қай дәрежеде деп ойлайсыз?

 Рас, 100 пайыздық тәуелсіздік деген болмайды. Біреу, біреуге әйтеуір тәуелді. Сыртқы саясатымызда мемлекет ретінде бізді мойындайтын, танитын елдер бар. Егеменді ел болып, өзімізді қай салада болсын танытып жүрміз. дегенмен, алғашқы жылдары шетелден алған несиеміз, былайша айтқанда, қарызымыз да жоқ емес қой?! Кең байтақ жеріміз болғанымен, аз халықпыз.

Шеттен келіп жатқан инвестицияның барлығының да артында сұрауы бар. Сонымен қатар кезінде заңда жіберген кейбір кемшіліктерді қазір түзетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ішкі саясатқа көп көңіл бөлген жөн. Ішімізден ірімей, егемендікті баянды етуіміз керек. Қызмет көрсету сапасын арттырып, коррупцияға жол бермесек деймін.

(Сұхбаттың толық нұсқасы «Оңтүстік Рабат» газетінде)