Жаңалықтар 

Ұ.Сәдібеков: «Еркек екіжүзді болмауы керек»

Ұласбек Сәдібеков 1967 жылы 12 ақпанда, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылында туған. Облыстық ішкі саясат басқармасын басқарды. Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының әкімі болды. Қазір «Нұр ОТан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Бес ұлдың әкесі. Суда жүзгенді ұнатады, волейбол ойнағанда «пас беруші» деген атағы бар. Балық ауламайды, футболға қызықпайды. Атпен шапқанды жақсы көреді. «Шаттық» ансамблінде «Сүйгенім менің қалада» деп ән салып, Гнатюк сияқты «Малиновканың» майын тамыза шырқайтынын жұрт біледі. Ұласбек Сәдібекұлы әкеден ерте қалып, анасының тәрбиесімен ержетті. Бір үйдің жалғыз ұлы жастайынан не тірлік атқарса да, бірінші кезекте анасының, сосын апа-қарындастарының көңілінен шығуға тырысты. Әдетте кілең қыздардырң ортасында тәрбие алғандарда ер азаматқа лайықты мінез қалыптасуы екіталай деп жататынымыз жасырын емес. Бірақ, Ұласбек Сәдібековтің… жә, ол жайында кейінірек. «Ерлер әлемінің» бүгінгі кейіпкерімен сұхбаттасып отырмын.

— Ер азамат қандай мінезге ие болуы керек?

Ол ең алдымен өз елінің патриоты болуы керек. Бір сөзді, өсек әңгімеге жуымайтын, өзінен кейінгілерге өнеге бере алатындай, бала-шағасына үлгі боларлықтай, отбасындағы ұсақ тірліктерге араласпайтындай болғаны жөн.

Ер азаматқа тән мінезді бала қайдан қалыптастырады? Отбасында әкесі таңертен кетіп, кеш келеді, «ақша тауып жүрмін деген» себеппен көп ата-аналардың баласымен әңгімелесуге мұршасы келмейді. Мектепте ер мұғалімдер жоқтың қасы десек те болады. Ал, біздің қоғам барынша гендерлік мәселені көтеріп әуре. Қалай ойлайсыз, ер баланың өсе келе қыз мінезді, жүріс-тұрысында ер азаматқа тән қасиеттің кем болуына осы мәселелер өз ықпалын тигізіп жатқан жоқ па?

Мүмкін. Жалпы өз басым гендерлік саясатқа онша оң бүйрегімді бұра қоймаймын. Осындай мәселе сөз болған бір алқалы жиында бірде, «неге біз ұл бала жыласа, «сен қыз емессің ғой, неге жылайсың…» деп жұбатамыз? Отбасындағы осындай тәрбие арқылы өсе келе қоғамда ер азаматтардың алдында әйелді томен етіп көрсетудің басы бұл. Осылайша тәрбие беру әйелді кемсітушілік» деген әңгіме айтылды. Мен осыны естіп отырып шынымды айтсам, қатты ашуландым. Қазақ дұрыс істейді! Баланы жастан «сен қыз емессің, неге жылайсың ?!» деп өсіру керек. Ол ер азамат. Ол әлсіз, қорқақ болмауы керек. сол үшін де ер баланы жастайынан намысшыл етіп өсірген жөн. Әйгілі қолбасшы Наполеонді әкесі бала күнінде күн сайын ұйқыдан оятарда таңертеңгісін «Тұр балам! Сені Ұлы істер күтіп тұр!» дейді екен. Міне, көрдіңіз бе, бұл баланы ержүрек, батыл етіп тәрбиелеудің бір парасы. Жанағы айтқан мектептегі ер мұғалімдердің саусақпен санарлық болуы да жастардың тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні рас. Бірақ, мұнынң екінші бір жағы бар, әлеуметтік тұрмыстық жағдайға байланысты ауылда кәсіп таба алу үшін ата-аналар қыз баласын лажы болғанша мұғалімдікке оқытады. Әйел баласының қарым-қабілетіне, күш-қайратына шек келтіргенім емес, көңілдеріне келмесін, бірақ, мектепте күзетшіні, кезекші полиция өкілін тыңдамайтын, оларға бағынбайтын балалардың бары рас қой осы күні. Осындайда мектепте ер мұғалімдер көп болуы керек ем ес пе. Өзіміз мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін ағайымызға еліктеп өстік. Осындай азамат болсам екен деп бой түзедік. Мінезі қатал, әскери тәртіпті талап ететін болған соң еркек сондай болу керек деп түсіндік. Одан жаман болған жоқпыз. Қазіргідей мектептегі бұзақылық, атыс-шабыс деген біздің кезімізде болмайтын. Кішігірім топтық төбелестер, әр сыныпта «атамандар» боп тұратын енді…

Бала Ұласбек те сондай болған шығар…

Жасырмаймын бұзықтығым бір басымнан асатын жағдайлар болды (күлді).

Мақта өртеген кезіңіз есіңізге түсті-ау деймін… (Кейіпкерімнің жүзі құлағына дейін қызарып кетті. Түсінікті. Оқырманға әрі қарай өзім баяндап берейін бұл оқиғаның мән-жайын).

… Ұласбектердің класы 8 сыныптан бастап мақталы аймаққа диқандарға көмекке баратын болды. Ауылда, мектенпте өз сыныбындағы «сен тұр мен атайын» деген құрдастарын білектің күшімен емес, көбіне ақылмен, білімімен мойындатып үлгерген Ұласбек те «атамандардың» бірі болатын. Ең алғаш төбелескен кезі де есінде. 7 сыныпта еді. Сонысы үшін анасынан сыбағасын да алды. Содан болар, ендігәрі төбелеспеуге уәде еттті. Бірақ…мақтаны өртеді. «Әдейі емес қой?!» дейді өзі. «Солай болып қалды…» Басында жоспары мықты болатын. 4-5 бала бірігіп, күндік «норма» таза мақтадан 50 кг. теру керек болса, бұлар әрқайсысы 120 кг. теретін болды. Сөйтіп, жоспарды асыра орындағандары үшін, ағайларынан сұранып, Түркістанға қыдырмақшы. Киелі мекенді армансыз аралап көрулері керек. Ұласбектің бұл идеясы өзгелерді қанаттандырды. Сөз байласқан төртеуі алды-артына қарамай, мақта жинаудан жоспарды екі есеге орындады. Алайда, жиналған 480 кг. мақтаны өртеп жіберді. Түркістанға қыдыру тұрмақ, өртенген мақтаны қалпына келтірумен әуре боп кетті…

Студент кезіңізде де тыныш жүрмегеніңізді білеміз.

Ой, оның мәселесі бөлек қой. Мақтаны өртегенім балалық болды, әрине. Ал, анау…студент кезімде ұйымдастырған «көтеріліс» ол балалық емес. Ол намысқойлық!

Солайы солай. Кейіпкеріміз Қазіргі Астана, ол кезде Целиноград деп аталатын шаһарда ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Солтүстіктің «қазақылығы» бүгінгіден де сорақы заман еді ғой 1984 жылдары. Институтқа түсу үшін емтиханды қазақ тілінде тапсырғаныңмен, оқу тек орыс тілінде жүреді. Оның үстіне бұлар оқыған «электрофактің» 5 пайызы ғана қазақтар. Ұласбекпен бірге Қызылорданың бірі жігіті болды. Екеуі таза қазақы ауылдан шыққан. Орысшасы жетісіп тұрған жоқ. Тілі түгілі орыстың өзін жіті танып тұрған кезі сол. Қатты қиналды. Тілі келмей, сабақты айта алмай жатса, бұл екеуіне топтағы өзге балдар жатып кеп күледі. Келеке етеді. Қаны қарайды. Бұл ғой тайталасып жүріп, ақырына дейін шыдап бағуға тырысты. Анау қызылордалық жігіт ақыры болмады, алты айдан соң ауылына кетіп тынды. Сол кезде Целиноградта, әсіресе ауыл шаруашылығы институты орналасқан маңда, қазіргі Ақжайық көшесі бойында студенттер арасындағы төбелес деген күн құрғатпай боп тұрады. Намысқой Ұласбектің сол төбелестің ортасынан табылып қалатын кезі де аз емес. Оның үстіне институтта «неге қазақша бөлімдер ашылмайды?» деп, қайта-қайта дауыс көтеріп, мәселе айтып қалатын кезі бар. Мұндай студент со заманда кімге ұнасын?! Қойшы, ақыры болмады, оқуды аяқтамай жатып Ұласбек әскерге аттанып кете барды. Бұл түскен әскери бөлімше Ресейде орналасқан. Сөйтсе о жақта қазаққа деген көзқарас тіпті басқа екен. Целиноградтағы, институттағы орыстілділермен «жылап көрісетіндей». Оның үстіне тура сол кезде Алматыда желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Бір күні оны өзі қызмет етіп жүрген әскери бөлімнің саяси жұмыстар жөніндегі командирі шақырды. «Сені партия қатарына өткізгелі жатырмыз. Айтшы, Алматыдағы оқиғаға байланысты көзқарасың қандай?» деді жайлап қана. Айтты. Естігендеріне нанбайтынын айтты. «Нашақорлар, бұзақылар» дейтіндей, қазақтың сонша ұл-қызы бір күнде нашақор боп кетуі мүмкін еместігін айтты. «Орыстарға қарсы шығып жатыр» деген ақпарат араңдатушылық екенін жасырмады. Себебі, қазақ кеңпейіл, қонақжай, меймандос, бірлікті сүйетін ұлт. Ауылда кей ақсақалдардың «балам, немерем бір ауыз қазақша білмейді. Орысша сөйлейді» дегенді мақтаныш қып айтатынын да жасырмады. Ақтарылды ғой. Ананың көзі шатынап кетті. «Қазақтар қандай юртадан шыққанын ұмытайын деген екен. Мәдениетті кім үйреткенін білмей қапты ғой енді?!» деді жекіріп. «Неге олай дейсіз?!» дегенді айтып үлгерді. Анау бастармалатып, шені жоғары екендігін алға тартып, бұйрық райында «парияға алынбайсын!» деді. Жалындаған жауынгердің алдағы күнгі мақсат-мүддесінің тас-талқаны шыққандай болды. Партия қатарына өтпегеніне емес, өз ұлтының намысын шені жоғары офицердің алдында қорғай алмағанына, өзінің оған бағынышты әскердегі жауынгер екендігіне ызасы келді. Дәрменсіздігіне налыды. Сол күні жылағаны есінде. Сосын, енді жыламауға өзіне серт берді. Әскерден оралып, институтқа оқуын жалғастыруға келгенде бірден қазақ жастарының басын қосты. Ұлттық намыс, қазақ тілінің мұңын көтеруді мақсат тұтты. Осылайша Целиноградта 1989 жылғы сәуірдің 26-сы күні төрт институттың жастарынан құралған «Парасат» мәдени-ағарту ұйымы құрылды. Өз орталықтары болды. Жоспарлары түзілді. Бірінші кезекте ЖОО-да қазақ бөлімдерін ашуға ықпал ету тұрды. Сосын, Целиноградтың тарихи атауы Ақмоланы қайтару, мәдени орталықтарда жастарға арнап қазақша іс-шаралар ұйымдастыру, қаладан мұсылман мешітін ашу, «неге қазақ театры жоқ» деген мәселелер тізбектеліп тұрды. Жастардың бұл ұйымы бара-бара көпшіліктің қолдауына ие бола бастады. Сонда Ұласбек ойлайтын қаланың басшысы қазақ бола тұра, қазақ жастарын қолдамайтын не деген намысы жоқ азамат деп. Өйткені, билік тарапынан ешқандай қолдауды, қамқорлықты сезінбейтін. Кейін білді ғой, ол кісі іштей қуаттап жүріпті. Тек сол кезеңнін саясатымен әлі де болса жалтақтау, басым көпшілігі өзге ұлт боп саналатындықтан белден басып әрекет етуге болмайтындықтан үндемей жүргенін. Қала басшысы шақырып алып, Ұласбекті 1992 жылы Целиноград қалалық жастар ұйымының төрағасы етіп қойды. Сеніп тапсырған істен қашпады. Келісті. Болды. Қалалық жастар ұйымы оралмандар мәселесін көтере бастады. Оларды елге шақыру, жағдай жасау жөніндегі мемлекет басшысының ұсыныстарын қызу қолдап, жергілікті жерде жүзеге асыруға мұрындық болды. Сөйтіп жүргенде… Жалғыз ұлдың мінезінен хабардар ана көңілі алаңдаулы еді ауылда. Әкеден қалған тұяқтың жат жұрттық болып кетпеуін күйттеді. Сөйтті де ауылға шақыртып алды.

Сіз маған жаңа қызметтің соңына түскен жан емессіз ба? дедіңіз. Егер қызметтің соңына түссем, ауылыма келіп, жұмысты қайтадан ең төменгі сатыдан бастар ма едім? Целиноград қалалық жастар ұйымының төрағасы болып тұрған менің алдымда көптеген мүмкіндіктер болды. Қолдаған, қуаттаған азаматтар да табылды. Бірақ, менің ойымда «не істемем де анам қуансыншы» деген принцип тұрды. Анамды қуантуға тырыстым. Сөйтіп жүріп, өзімді өзім тәрбиелегенімді де білмей қалыппын

Бәйдібекте де байыз таба алмадыңыз ғой. Арыз жазып өз өтінішіңізбен қызметтен кеттіңіз…

Енді қайтем, аудандық жастар бөлімінде айналдырған үш-ақ адамбыз. Қысқарту келсе болды алдымен жастар бөлімінен бастайды. Біреуін қысқартты, үндемедім. екіншісін қыскартты…шыдамадым. «Мұндай бөлімнің керегі не онда?» дедім де, « жұмыстан босатыңыз» деп, арызымды жазып кетіп қалдым. Кейін ғой, Шымкентте бизнесте жүрген жерімнен ауданға жаңадан басшы болып келген Жамбыл Шырақбайұлы шақырып, маған орынбасар бол деп ұсыныс айтқаны. Сенген соң ол қызметке де келдім.

Ия, сенім артқан соң Сарыағашқа да әкім болып барды Сәдібеков. Сарыағаштықтардың басына ауыртпалық түсіп, су тасқыны болғанда резенке етігімен белуардан су кешіп, күпайкамен жүрді аудан әкімі Сәдібеков. 19 мың халықты тез арада қауіпсіз аймаққа көшіру керек болды. «Ең ұзақ күткен таңым сонда болды» дейді бүгінде артта қалған қиыншылықты жайбарақат еске алып. Көз ілместен, кімнің қайда көшірілгенін, барлығы аман-есендігін білу үшін өзі жүрді түнделетіп су басқан ауылдарды аралап.

Осы Сізді ауылға келсе болды, өзенге қарап отырады дейді. Суға қарап нені көресіз?

Білмеймін…бала күннен бергі әдетім сол. Ауылдың іргесінен ағатын өзенге қарап демаламын. Ол жерде кластастар төбешігі болатын. Соған жиналып, тай-құлындай бірге өскен достар суға қарап отырушы едік. Рахаттанатын едім.

Неге «қарап отырушы едік…», қазір ауылға сирек барасыз ба?

Жоқ, ауылға жиі барамын, ең кемі екі аптада бір баруға тырысамын. Бірақ, өзенімізде су жоқ. Суына қарап отырып, талай ойға шоматын, өткенді еске түсіріп рахат күй кештіретін өзен құрғап қалды. Өкінішті-ақ! Өткен ісіңізге жиі өкінетін кезіңіз бола ма? — Жоқ. Өкінбеймін. Барлығы да адамның пейіліне қарай болатын дүние ғой. Сенім артқан кезде аянып қалған кезім болған емес.

Сұхбаттасқан — Жәмила Мамырәлі.

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Ұ.Сәдібеков: «Еркек екіжүзді болмауы керек»"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

жарайсыз Уласбек ага! Білімініңз бен мәдениеттілігіңізге ризамын!Туган жерден болек ел мактанышы деек артык айткандық емес!

wpDiscuz