Ақтаудағы апатта ажал құшқан жігіттердің мәйіті әкелінді

Олардың артында аңырап ана, боздап әке, зарлап туған -туыс қалды

Ақтау қаласында орын алған апаттан ажал құшқандардың табыты қапияда қара жамылған туғандарына тапсырылды.  Нұрислам Бекқұлиев пен Еркін Мырзабаев өткен аптада Ақтау қаласынан 18 шақырым жердегі Өмірзақ елдімекенінде орын алған жарылыстан қаза тапқан еді. Аталған оқиғаға қатысты құрылған үкіметтік комиссия қаза болғандардың денесін бүгін таңертең сағат 9-да Шымкент әуежайына арнайы рейспен жеткізді.

Бекқұлиев пен Мырзабаевтар әулеті ұлдарының қайтыс болғанын 13-қазан күні білген. Еркіннің ағасы Талғаттың айтуынша, оларға 13-қазан күні кешқұрым аудандық әкімшіліктен хабарласып, ұлдарының қазасы туралы жеткізген. Ал інісі болса, осыдан бірнеше күн бұрын телнефон соғып, жағдайының жақсы екендігін айтыпты.

Табытты көрген анасы есінен танып қалды, ал әкесіне жедел жәрдем көмегі көрсетілді.Сүт кенжесімен қоштасу үшін Нұрисламның әке шешесі цинктелген табытты ашып, құлынымен соңғы рет жүздесті. Ал Мырзабаевтар әулеті қаза болған Еркіннің жаназасын түс ауа шығарып, жер қойнауына тапсырды.

Қазанның он бірінші күні қаза болған қос қыршын бөле екен.  “ҚазТрансОйл” АҚ-на қарасты мұнай құю станциясында орын алған опаттан орны толмас қайғы құшқан Нұрислам былтыр 7 ай сонда жұмыс істеп келіп, биыл бөлесін өзімен бірге алып кеткен екен. Алайда олардың  үйінен кетісі мәңгі сапарға айналды.

Ақтауда сегіз адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты қылмыстық іс әлі де жалғасуда. Жауапты мекеме өрт шығу қаупі бар нысандарда еңбек қауіпсіздін сақтамағандығы үшін әзірге айыпталып отыр.