Абайды жатқа айтатын тәжік қызы


Кешегі аптада ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Павлодар қаласында «Абай оқулары» республикалық байқауы болып өтті. Оған біздің облысымыздың намысын қорғау үшін Зарина Айгисинова қатысқан болатын. Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысқан байқауда Оңтүстіктен барған Заринаның бағы жанды.

Ол республикалық байқауда жүлделі 2-орынды жеңіп алды.

Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында қызмет ететін Заринаның ұлты-тәжік. Қазақ тілін өз ана тіліндей жетік меңгерген ол байқауда ұлы Абайдың шығармаларын қазақ тілінде жатқа оқып қана қоймай, «Абай жолы» романынан үзіндіні нәшіне келтіре мәнерлеп айтып берді.

Абай әндері мен қазақтың халық әндерін орындауда да ешкімге дес бермеген жерлесіміз мерейімізді асқақтатты. Әсіресе ол орындаған «Көзімнің қарасы» әні тыңдармандардың көңілінен шықты. «Онегиннің Татьянаға жазған хатын» орындағанда байқауға жиналған көпшілік Оңтүстіктен келген тәжік қызына ризашылықпен қол соқты.

Айта кетейік, Зарина облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған осы байқауда жүлдегер атанған. Республикалық сайысқа жолдама алғаны да содан.