Әл-Фараби алаңында шымкенттік хип-хоп шеберлерінің жарысы өтті. Қаламыздың бетке ұстар бишілері «Сникерсурбания» фестивалінің чемпионы атағына таласты.
СНИКЕРСУРБАНиЯ – «сникерс» – шоколадты батончик,, «урбан» – қала мәдениеті, «я» – адам.
Әлемге танымал көше мәдениеті «Сникерсурбания» жарысы Шымкентте алғаш рет өтті. Ұйымдастырушылар сайысты өткізуде шымқаламызды таңдауы бекер емес. Өйткені соңғы жылдары скейтборд пен роллер тебушілер, реп шеберлерінің шеберлігі артып, дамып келеді.
Чиллаут-фристайл, бит-бокс. Баспен шыр айналып, дөңгелене сырғанау, түрлі оқыс әрі қауіпті қимылдар мен заманауи ритмикалық әуен. Олар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Әрине рэп-батлсыз байқаудың өтпесі анық. Тамашалауға келгендер тақырыпты өздері ұсынып, қатысушылар сол мезетте сөз құрастырып рэп оқыды. Талантты, жас хип-хоп-орындаушылар күннің басты кейіпкерлеріне айналды.
Ең қызығы спорттық алаңда болды. Роликтер мен велосипедтер және скейтборд. Шымкенттік жастарды тіпті Алматыдан келген спортшылар да таң қалдырды.
Шеберлік әдістерін байқатқандардың ішінде Андрей Черкасоппен тең келетін ешкім болмады. Шайтан арба оның кішкентайынан бергі досы. Ол республикалық «Қимыл-қозғалыстағы әлем» атты велошеруде жеңімпаз деп танылған болатын.
Шымкенттік жастарды қолдауға қала әкімі Арман Жетпісбаев та келді. Қала мәдениеті фестивалі қала басшысына ұнағаны соншалық, ол скейтбордтықтарға арналған Шымкентте арнайы спорт зал ашуға уәде берді.
Көптен күткен «Сникерсурбания» бір күнге созылды. Алайда аз уақытта көше мәдениетінің жақсы үлгілері мен шебер хип-хоп ерлердің қнерлерін көрсетіп үлгерді. Ал Шымкенттік жастардың мақтанатын тұстары да жетерлік.