Кентау тұрғындары екі-ақ сағат су ішеді

316
2 сағаттық су неге жетеді?

Кентау қаласына іргелес жатқан Хантағы елді мекені тұрғындарының Елбасыға ресми хат жазбасқа амалы қалмады. Өзен жағалауына жақын отырған тұрғындардың ашынғаны сондай, олар мәселенің шешілуіне Президенттен өзге ешкімнің көмектеспесіне сенімді. Ауызсуға жарымай отырған ауыл «Кентаудағы әкімдер мәселені шешкіш болса, қаланың өзін сумен қарық қылып алсын» дейді.

Файзулла Жұмаділләев, Хантағы ауылының тұрғыны:

— Мен көзімді тырнап ашқалы бері осында мал бағып келемін. Бірақ дәл осындай қысылтаяң шақ ешқашан болған емес. Қорық пайда болғалы бері жерден де, судан да қағылдық

.Айтпақшы, биыл облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен Оңтүстікте «Ауызсу жылы» деп жарияланған. Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Ал, өңірде ауызсуға жарымаған ауылдар әлі жетіп артылады.

Әбу Кырқымбаев, Хантағы ауылының әкімі:

— Хантағыға 2008 жылы ауыл статусы берілді. Сондықтан бізге жылда ет пен ауылшаруашылық өнімдерін белгілі бір мөлшерде тапсырып отыру керек. Бірақ, бізге берілген балама жер не егін егуге, не мал ұстауға келмейді. Мұны шешу үшін, менің ойымша, Түркістан мен Кентау қаласы әкімшіліктерінің арасында келісім керек. Сонан соң, облыстық деңгейдегі бір шешім қажет. Әрине, балама жерге де рахмет. Егер сол жерге қоса су мәселесі шешілсе,нұр үстіне нұр болар еді.

Хантағы ауылының тұрғындары сусыз қалғандарына ауыл маңындағы қорық себепші болып отыр дейді. Ал, өзен жағалай орналасқан қорықтың қызметкерлері болса, судың жоқтығын соңғы жылдарда жауын-шашынның аз болғандығымен түсіндіреді.

Ауыл жұрты қорық құрылған 2004 жылдан бері жайылым жерден де, қара судан да қағылдық деп зар қағады. Қала деңгейіндегі құзырлы мекемелердің есігін қағып, мұңымызды шағып шаршадық деген хантағылықтар еш нәтиже болмаған соң, амалдары таусылып, тікелей Елбасыға хат жазыпты. Өйткені, жылдар бойы малмен күнелтіп отырған халық онсыз да азайып қалған төрт түлігін қайда жаярын білмейді. Ауылдан бірнеше шақырым жерде қорық пайда болғалы айрандай ұйып отырған елден береке кетіпті. Жұртшылық қорықты жаппаса да, мемлекет қарауындағы аймақтың ауылмен шектесетін аумағын ауылдың меншігіне беруін қалайды. Хантағылықтар шөбі шүйгін су жағасындағы аймақтың барлығы «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығына» кіріп кеткеніне наразы.
82 жастағы Файзулла ақсақалдың да кіндік қаны осында тамған. Ғұмыр бойы мал ұстап келген қарттың бір кездердегі жүзден аса ірілі-ұсақты қарасынан бүгінде тек 30 бас қана қалған.
Жергілікті әкім Әбу Қырқымбаев та бұл мәселенің ширығып тұрғанын айтады. Ауылдың жанындағы жердің барлығы Кентауға да, Хантағыға да қарасты емес, Түркістанныңменшігі деп бекітілген екен. Дегенмен кезінде облыс әкімшілігі тарапынан Хантағылықтарға мал жаяю үшін балама ретінде 16 мың гектардан астам жер де берілген. Алайда, тұрғындардың айтуынша, бұл жерлер, біріншіден, таңертең айдап шыққан мал өріске кешқұрым жететіндей, ауылдан тым алыста орналасқан. Екіншіден, ұлан-ғайыр аумақта су көзі жоқ. Үшіншіден, мал жаюға мүлдем қолайсыз. Оған қоса ауылдың іргесінде үнемі ернеуінен асып-тасып жататын Хантағы өзені де тартылып, бірнеше жылдан бері құрғап қалған.
«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкерлері қорық аумағын жайылым жер ету мүлдем дұрыс емес деген сенімде. Өйткені бұл аумақ әлемнің өзге бұрыштарында өспейтін өсімдіктерге тұнып тұрған көрінеді. Ал, ауыл тұрғындарына берілген жайылымға арналған жер жеткілікті деген қорық өкілдері судың тапшылығын соңғы бірнеше жыл бойғы қуаңшылықтың салдары деп түсіндіреді. Қорық суғаруға өзен суынының бір тамшысы да жаратылып жатқан жоқ дейді олар.

 Хантағылықтарға бес жылға жалға берілген 16 мың гектар жерді пайдалану мерзімі 2015-ші жылы аяқталады. Тұрғындар бұл балама жердің қажеті жоқ дейді. Оның орнына ауыл маңынан су көзі бар жер сұрап отыр. Қорық қызметкерлері мекемеге тиесілі бір аттам жерді де бере алмаймыз дейді. Атқамінерлердің құлағына алтын сырға, егер құзырлы мекемелер дер кезінде бұл мәселенің түйінін шешуге кіріспесе, халық пен қорық арасындағы шиеленіс мүлде ширығып кетуі мүмкін.