Сәйгүліктер сынға түсті

289
ат үстіндегі ару

Туған елдің торқалы тойы қарсаңында «Құлагер» аймақтық сәйгүліктер фестивалі Төлеби төрінде өтті.Қазақ халқының жеті қазынасының бірі-қасиетті жылқы малын қадіолеп, халық арасында оның ерекшелігі мен адамзат баласына пайдалы қасиетін кеңінен насихаттайтын фестивальге оңтүстік өңірінің барлық аудан-қалаларынан келген сәйгүліктермен қатар,Жамбыл облысының үміткерлері де қатысты.
Халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне негізделген, заманауи үрдіске лайықты іс-шаралар бағытын анықтап, ұлттық салт-дәстүрді дамыту және насихаттау, жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыру, салауатты өмір салтына бейімдеу мақсатындағы іс-шара арнайы төрт номинация бойынша өрбіді. Үміткерлер өнер сайысы, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу сияқты ат ойындарынан өнер көрсетті.
Халық арасында сәйгүлікті баптаушылардың қадір-қасиетін арттыру мен атбегілерді танытып қана қоймай, жылқы малын қадірлеуге дәріптейтін мұндай байқаулар қазір жоқтың қасы.

Тау етегіне тігілген ақ үйлер, фестивальге жиналған жылқылар мен оның баптаушылары, шарықтап орындалып жатқан дәстүрлі әндер Төлеби төрін тербетіп, қазақтың нағыз мінезін бейнелегендей. Бірінен кейін бірі, балуандар ат үстінде аударыспақ бойынша сынға түссе, қыз қууда арулар осал еместігін дәлелдеп жатты. Теңге алудың өзі көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық ойынымыздың көркін кіргізді.

Фестиваль жеңімпаздары арнайы шақырылған қазылар алқасының ұйғарымымен диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.