Шымкентте иттердің көрмесі өтті

Қатысушылардың дені жақсы дайындықтан өткен

Жексенбі күні таңертең Кең баба ауданының түрғындарын иттер үріп оятты. Мұнда  иттердің дәстүрлі көрмесі өтті.«Алтын ит» байқауына 33 түрлі асыл тұқымды  ит қатысты. Ал көктемгі маусымда өткен байқауда үміткерлердің саны 29 болатын. Көрмені ұйымдастырушы Лариса Югайдың айтуынша, қатысушылардың жыл сайын сапасы жақсарып келеді.

 Сарапшылар иттердің жасы мен жынысына қарай бағалады. Иттің сыртқы келбеті мен бояуын, қимыл-қозғалысын, тіпті адамдардың арасында өзін ұстау мәнеріне де баса назар аударады.

Шымкентте өткен көрмеде сирек кездесетін асыл тұқымды иттер де бағын сынады. Ал аңшылыққа шығатын «Скай-терьер» иті арнайы Тараздан әкелінген.  Бойының ұзындығы 25 см Ариша есімді ит қаламызда жалғыз. Оның еншісінде көрмеге қатысқаны үшін жеңіп алған 3 медалі бар.

Тағы бір ерекше ит  Чихуа Хуа тұқымынан. Мұндай ит Шымкентте тек үшеу-ақ. Бусинка деп аталатын ит Омскіден әкелінген. Оның қожайыны Лариса Сахарованың айтуынша, ит қабаған емес әрі қолға үйретілген. Сондықтан да иесі оны жақсы көреді.

Көрменің жеңімпаздары әр номинация бойынша кубоктер мен сертификатқа және итке қажетті заттарға ие болады.