Көптен күткен қуаныш. Түркістан қаласында тұратын 16 мүмкіндігі шектеулі жанға жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Ел мерейтойы қарсаңында үлкен сыйға ие болып, қоныс тойын көпшілікпен атап өткен мүгедек жандардың қуанышында шек жоқ. Екі қабатты тұрғын үйде болашақ тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.
Еркінбай Керімбайұлы осыдан 10 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, мүгедектік арбасына таңылды. Жас жігіт осындай күйге тап болдым деп қол қусырып отырмай, қоғамға өз үлесін қосуда.
Еркінбай секілді тағы 15 мүмкіндігі шектеулі жан жаңа үйдің кілтін алды. Аумағы 45 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер мүгедек азаматтардың қолайлы өмір сүруіне лайықталған. Көпқабатты тұрғын үй бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Оның құрылысына 80 млн теңге жұмсалды.
Қайрат Молдасейітов-Түркістан қаласының әкімі
Кезекте тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлек заң қаралса. Өйткені заңда көрсетілгендей, пәтерге кезекте тұрғанда мүгедек немесе ҰОС ардагері дер көрсетілмейді. Ал біз оларға арналған жеңілдіктер қаралса екен деп, соған талпынып жатырмыз.
Мүгедек жандарға тұрғын үйді беруде олардың ең алдымен отбасылық жағдайы ескерілді. Айта өтейік, Түркістанда 8 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар.