Жылыту маусымы басталмай жатып улангандар бар

бөлімше

Жылыту маусымына сақтық шаралары күшейтілу керек. Мұны денсаулық сақтау өкілдері де, төтенше жағдайлар мамандары да ескертеді. Шымкенттегі токсикология бөлімшесіне биылдың өзінде алғашқы уланғандар келіп түсті. Сондықтан мамандар, әсіресе күз бен қыстың ортасындағы аралық ең қауіпті маусым деп санайды.
Екі қызын алып моншаға барған Гаухар Жайлаубаева ұзамай көзінің қарауытып, есін жоғалтып алғанын айтады. Үрейі ұшқан жанындағылар 41 жастағы әйелге жедел-жәрдем көлігін шақыртыпты. 3 күн бойына көмір түтініне уланған әйел аса-ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқан.
Азаматшаның өмірін арашалап қалуға барын салып тырысқан бөлімше мамандары науқастың жағдайы қазір бірқалыпты дейді.
Жалпы алғанда бөлімшеге былтыр улы газбен уланып 217 адам түскен болса, биыл жыл басынан бері 187 азамат төсекке таңылған. Тіпті, жан тәсілім еткен оқиға да тіркелген болатын. Оңтүстікте күздің орта тұсынан көктемге дейінгі жылыту маусымында сақтық шаралары күшейтілу керек дейді мамандар.