Жас аналарды оқытатын орталық бар

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 — 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы аясында ОҚО балалар ауруханасының жанынан «Балалар денсаулығын бірігіп жүйелеу» орталығы ашылды. Бұл орталықтың жас аналар мен ауылдағы дәрігерлерге берері мол. Әлемнің озық әдістері бойынша нәрестелердің саулығын бақылап, өмірін сақтап қалуға арнайы сабақтар өтіп, тәжірибе алмасады.
Бауыр еті баласын болашағына баламалайтын жан жоқ шығар сірә. Ал жаңа орталықтың бұл тұста анаға да дәрігерлерге де берер пайдасы мол. Біріншіден, дәрігер-педиатр атаулы мұнда тәжірибеден өтіп, оны практикалық тұрғыда да, теориялық тұстан да бекіте алады. Екіншіден, ауруханада жатқан балалардың денсаулығын жақсарта түсудің жолдарын қарастырып, анасына да баланы баптаудың әдістері үйретіледі. Педиатрлар үшін оқудың тағы бір жаңалығы бар. Ол- заманауи аппараттарда жұмыс жасау. Ауруханаға ауыр жағдаймен түскен балалардың өмірін сақтап қалу үшін мұндай құрылғылардың маңызы зор. Сондықтан, әрбір балалар дәрігері озық үлгідегі технологиямен таныс болуы тиіс.

Бұл тұста облыс аудандарына қарасты ауруханалар мен емханалардан келген мамандардың кәсіби біліктілігі туралы айта кетпесек болмас. Ауылдық медицина мекемелерінде қызмет жасайтындардың дені Кеңес заманы кезінде оқып, дәрігер болған азаматтар. Оның үстіне, жеке дербес компьютерде жұмыс жасау, медицинаның соңғы жаңалықтарымен танысып отыру сынды жағдайлар қарастырылмаған. Демек, оқыту орталығы ол мамандарға ауадай қажет. Тек жаңа техникамен танысып қана қоймай, емдеудің тиімді жолдарын біліп, терапияның түр-түріне қанық болады. Оқыту әдісі өз нәтижесін беруі тиіс.

Орталықта бұл жағдай да қарастырылған. Әрбір дәрігер практикалық жаттығулардан кейін сынақ тапсырады. Компьютер арқылы қойылған сауалдарға жауап беріп, тапсырмаларды орындайды. Күн соңында әр дәрігердің біліктілігі сарапқа салынып, бағаланады. Осылайша он күн бойына оқу-жаттығу жұмыстары үздіксіз атқарыла береді. Әрі тиімді, әрі пайдалы жүйе. Ең бастысы балалардың денсаулығын нығайту шаралары жақсы жолға қойылып отыр.